Оңтүстік Африкада пілдерді мина іздеуге үйретуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Африка пілдерінің иіс сезу қабілеті тіпті иттерден де күштірек, олар жер астына көмілген минаны алыстан таба білуге қабілетті.
Бұған Йоханнесбургке жақын маңдағы фермалардың бірінде алып жануарларды минаны іздеуге үйрете бастаған ОАР биологтары сенімді.
Пілдерге арналған «оқу курсын» АҚШ-тың әскери-зерттеу ұйымдарының бірінің қатысуымен оңтүстікафрикалық «Adventures with Elephants» компаниясы ұйымдастырған.
Сынақ жасаушылар қазірдің өзінде біршама ілгерілеушіліке қол жеткізген сыңайлы. 17 жасар піл Чишуру қатар қойылған шелектерді иіскеген кезінде, тротил салынғандарын сезіп тоқтайды да, алдыңғы аяқтарының бірін көтереді. Ешбір қателескен емес.
«Бұлардың мұрындарының сезу қабілеті ғажайып»,- деп таңданады аталмыш компанияның маманы Шон Хенсмэн.
Айта кетер болсақ, алғаш рет минадан тазартуға пілдерді пайдалану идеясын анголалықтар қолға алған. Олардың алдында 1990 жылдары 30 жылға созылған азаматтық соғыстан кейін мина көмілген жерлерді тазарту жұмыстары тұрған еді.
Анголада ұзақ жылдар бойы көлік жолдары мен егіс танаптарында жүру өте қауіпті болатын. Адамдар пілдердің қауіпті сезіп, әрқашан миналы алаңдарды айналып өтетіндіктерін байқаған. Тіпті сол шақта піл тұмсықтарының ерекше қасиетке ие екендігі жайлы аңыз да пайда болған-ды.
Бұдан кейін Зимбабве де пілдерді пайдалана бастады. Олардың көмегімен браконьерлердің ізіне түсіп, ұстайтын болған.