Оңтүстік Африканың бойжеткені «Ғаламшар аруы» атанды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Деми-Ли Нель-Петерс «Ғаламшар аруы - 2017» халықаралық сұлулық байқауының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА аталмыш байқаудың ресми сайтына сілтеме жасап.

Оңтүстік Африканың бойжеткені «Ғаламшар аруы» атанды

Байқау финалы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтті. Ақ алтыннан жасалып, жақұт және гаухар тастармен көмкерілген тәжді 22 жастағы бойжеткеннің басына байқаудың өткен жылғы жеңімпазы француз қызы Ирис Миттенар кигізді.

«Жетелеген армандарымның соңына бұдан әрі де ілесе беремін. Қандайда бір жетістікке жету үшін мүмкіндіктерді күту керек дегенге еш сенбеймін. Керісінше, мүмкіндікті тудыра білуің керек»,- деді жеңімпаз марапаттау сәтінде сөйлеген сөзінде.

Деми-Ли бизнес және менеджмент факультетінің түлегі. Оңтүстік Африка «Ғаламшар аруы» бәйгесінде соңғы мәрте сонау 1978 жылы топ жарған болатын. Ғаламшардың ең сұлу аруы атағы үшін 89 елдің бойжеткені таласты. Бірінші вице-мисс колумбиялық Лаура Гонзалес атанса, екінші вице-мисс мәртебесіне ямайкалық Давина Бенет лайық деп танылған. 

Естеріңізге сала кетейік, байқауға Қазақстанның атынан «Алматы аруы - 2016» атағының иегері Камила Асылова қатысты. Ол Алматыдағы эстрада және цирк колледжінде оқиды және актриса болуды армандайды. Ұлттық киімдер байқауында Камила отандық дизайнер Малика Үсіпованың көйлектерін көрсетті.

«Камила финалдық ТОП-16-ға өтпесе де, Қазақстанды жоғары деңгейде таныстыра білді. Камила, біз сені мақтан тұтамыз»,- деп жазды «Мисс Қазақстан» байқауының қатысушылары Instagram-дағы парақшаларына.

«Ғаламшар аруы» байқауы алғаш рет 1952 жылы АҚШ-та өтті.