«Оңтүстік-Цирк» мекемесі елорда тұрғындарына «Тұмар патшайым» қойылымын тарту етті

Қойылымда сақтар дәуіріндегі қазақ даласын мекендеген еркін, азат, рухы биік, қайсар халықтың өмірі көрсетілген.
«Көрменің аясында 29 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының Астанадағы күндері ұйымдастырылып жатыр. Осы орайда өңірден 800-ден астам өнерпаздар мен өнер шеберлері келді. Соның ішінде «Оңтүстік-Цирк» мекемесінен де 63 цирк әртісі өз өнерлерін паш етті. Бүгінгі таңда біздің цирктің арнайы дайындаған «Тұмар» театрландырылған тарихи қойылымын көрермен назарына ұсынып отырмыз. Бұл қойылымды таңдау бірнеше себепке сүйеніп жасалды. Мұнда Ұлы Даланың қадір-қасиетін ұрпаққа насихаттайтын халықтың қайсарлығы, тектілігі мен даналығы, Тұмар патшайым мен Кир патшасының арасындағы қақтығыс кеңінен көрсетілді. Осы қойылымда елді сырт жаудан қорғаудың маңыздылығына ерекше мән берілген. Сонымен қатар осында гендердік саясатқа назар аударылған, яғни қойылымға Ұлы Дала қыздарының қайсарлығы мен батырлығы арқау болды. Сондықтан жас ұрпаққа еліктеуге тұрарлық тұлғаның бар екенін, Тұмарға ұқсаса жаман болмайтындығын көрермен қауымға көрсеткіміз келді»,-деді бас режиссері Данияр Серікбаев.
Атап айтқанда, цирк жанрларымен қамтылған тарихи бейнелерді Оңтүстік-Цирктің әртістері ойнап шықты. Қойылым 95 минутты қамтиды. Қойылым барысында клоундар мен акробаттар, әуе гимнасттары мен қиыннан қиысқан трюктер арқылы жауынгерлік үлгісін көрсететін ат өнерінің жігіттері, жыртқыш аңдар мен жан-жануарлар әлемі қызықты нөмірлерімен жаңа образдарды ойнап шықты.
«Бұл қойылымда басынан аяғына дейін сюжеттік желі мен идея бар. Барлық нөмірлер, оқиға бірімен-бірі етене байланысты»,-деді Д. Серікбаев.
Айта кетейік, ОҚО-да бой көтерген күрделі жанрлы цирк ғимаратына кәсіби мамандар топтастырылып, өңірдің дарынды жастары көптеп қамтылып, қиындығы мен қызығы мол өнерге шыңдалды. Бүгінгі күнге дейін цирк әртістері республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, бірқатар белестерді бағындырып үлгерді.