Оңтүстік Қазақстан облысы 2011-2012-ші оқу жылында мемлекеттік білім гранттарын ең көп иеленген өңір - ҚР БҒМ

АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Оңтүстік Қазақстан облысы 2011-2012-ші оқу жылында мемлекеттік білім гранттарын ең көп иеленген өңір ретінде көш бастап тұр.

Оңтүстік Қазақстан облысы 2011-2012-ші оқу жылында мемлекеттік білім гранттарын ең көп иеленген өңір - ҚР БҒМ

Бұл туралы ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінен мәлім етті.

Егер ОҚО мемлекеттік білім гранттарын ең көп иеленген өңір ретінде бірінші орында болса, білім гранттарын ең көп иеленген ЖОО-лардың тізімін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бастап тұр.

2011-2012-ші оқу жылына білім гранттарын тағайындау жөніндегі конкурста ең көп сұранысқа - «Қаржы», «Халықаралық қатынастар», «Құқықтану», «Жалпы медицина», «Фармация», «Мейірбикелік іс», «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандықтары ие болды. Ал ағымдағы оқу жылында білім гранттарына ең көп ие болған алғашқы 10 мамандықтың реті келесідей: «Жалпы медицина», «Кәсіптік білім», «Құрылыс», «Шет ел тілі: екі шет ел тілі (ағылшын тілі)», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Ақпараттық жүйелер», «Көлік, көліктік техника және технологиялар», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Металлургия» және «Машина құрастыру».

Еске салайық, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылдың 4 наурызындағы №232-ші Қаулысына сәйкес, 2011-2012-ші оқу жылына жоғары білім мамандарын даярлауға 36 046 мемлекетік білім гранты бөлінді, соның ішінде күндізгі оқу бөліміне - 35 046, сырттайға - 1 000 грант. Білім гранттарын алуға биыл 91 018 адам бақ таластырды.