Оңтүстік Қазақстан облысында газ құбырлары апатты жағдайда тұр
АСТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Орал Мұхамеджановтың төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Розақұл Халмұрадов ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке Оңтүстік Қазақстан облысындағы осыдан 30-40 жыл бұрын салынған газ құбырларының апатты және қолдануға жарамсыз жағдайда тұрғаны жайлы депутаттық сауал жолдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда аталған өңірдегі газ құбырлары жаппай күрделі жөндеуді талап етуде. Атап айтсақ, газ құбырларының 30 пайыздан астамы - апаттық, ал 60 пайызға жуығының қолдану мерзімі асып кеткен, яғни қолдануға жарамсыз. Ал қазір бөлініп жатқан аз қаражат, тек қана газ желілерінің жұмысын қалпында ұстап тұруға және құбырлардың апаттық бөліктерін ауыстыруға ғана жұмсалуда, яғни жалпы проблеманы түбегейлі шешуге жетпейді. Сондай-ақ жер астымен жүргізілген газ құбырлары да тездеп тозуда, ол құбырлардың 40 пайыздан астамы электрохимиялық қорғану жүйесінсіз жұмыс істеп тұр.
Сол өңірдегі газ мамандарының айтуынша, 2008 жылдың өзінде 200 гектарға жуық жерасты газ құбырларының тесіктері анықталып олар жойылған болса, үстіміздегі жылдың бес айында дәл сондай 130 жағдай тіркелген. Осылардың салдарынан өңірдегі газ тұтынушыларға газбен қамтамасыз ету жұмысы 200 мәрте тоқтатылған.
«Облыстағы, әсіресе, Шымкент қаласындағы газ құбырларының жағдайы, жиі-жиі болып жатқан апаттар тұрғылықты халықты алаңдатуда. Егер бұл мәселелер ескеріліп, назарға алынбайтын болса, келешекте бұл газ құбырларының одан әрі қолдануларының ақыры техногендік апатқа, тіпті адам шығындарына алып келуі әбден мүмкін.
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, облыс деңгейінде бұл мәселені әзірше шешуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан алдағы жылдары газ құбырларын апатсыз, үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін «ОҚО газтарату желісін жаңғырту» жобасының бірінші кезеңін бастауға қаржы бөлу мәселесін қарастыруыңызды сұраймыз», - деді депутат Р.Халмұрадов.
Бұл сауалды қолдап бірнеше депутат қол қойды.