Оңтүстік Қазақстан облысында конго-қырым безгегін жұқтырған 22 адамның 8-і қайтыс болды

АСТАНА. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында 22 адам конго-қырым безгегін жұқтырса, олардың 8-і ауру салдарынан көз жұмды.
None
None

Бұл мәліметті бүгін журналистермен болған апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, биылғы жылы еліміздің оңтүстік аймақтарында конго-қырым безгегі тарап, республиканың тағы бір өңірлерінде сібір күйдіргісі сияқты дерттер пайда болған. Осыған байланысты Бас прокуратура өкілдері аталмыш індеттердің тарауының алдын алу мен оның ошағын жою және науқастанған азаматтарға тиісті дәрігерлік көмектердің талапқа сай көрсетілуіне байланысты арнайы тексеру жүргізген. «Тексеру жұмыстарының нәтижелері аталмыш аурулардың сауықтыру шараларының нашарлығынан тарағандығын көрсеткен. Мысалы, Оңтүстік Қазақстанда кенеге қарсы жүргізілетін сауықтыру шаралары жеткілікті мөлшерде қаржыландырылмағандықтан талапқа сай жүргізілмеген. Нәтижесінде аймақта конго-қырым безгегі тарай бастады. Аталмыш індетпен 22 адам науқастанып, оның 8-і қайтыс болғаннан кейін ғана республикалық бюджеттен 196 миллион теңге бөлініпті. Соған қарамастан республиканың  жергілікті жерлерінде сауықтыру шаралары әлі де болса талапқа сай жүргізілмей отыр», деді  ресми өкіл.

Оның мысалға келтірген мәліметтеріне қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы кенеге қарсы сауықтыру шараларын жүргізу мақсатында тартылған «Пирамида өсімдік қорғау - 777» жауапкершілігі шектеуі серіктестігі тұрғындарға өз үйлерінің айналасын зарарсыздандырып шығу мақсатында арнайы дәр-дәрмектерді таратумен ғана шектелген. «Ал Ақмола облысының денсаулық сақтау саласының өкілдері арнайы жылжымалы зертхана мен зарарсыздандыруға арналған қондырғысы бар 2 көлік сатып алуға берген қаржыны «Тойота Камри» автокөліктерін сатып алуға жұмсаған. Сондай-ақ республиканың кейбір аймақтарында жұқпалы ауруларды дер кезінде есепке қоймау, дезинфекциялау мерзімін сақтамау, медициналық қоқсықтардың уақытында жойылмауы, медициалық мекемелердің санитарлық талаптарға сай еместігі сияқты көптеген кемшіліктер анықталды», деді Н.Сүйіндіков.

Соңғы жаңалықтар