Оңтүстік Қазақстан облысындағы мақталы ауданда 87 өндірістік коопеартив құрылды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтарал ауданында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында 87 ауыл шаруашылығы өндірістік коопеартиві құрылды. Жаңадан ашылған өндірістік кооперативтерге техника алуға, ағын сумен қамтамасыз етуге, минералды тыңайтқыштар тасымалдауға, энтомофактар өндіру үшін мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар көрсетілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында аймақтардағы жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартып, шағын шаруа қожалықтарын ірілендіру бойынша міндеттеме қойған болатын. Жаңа бастаманы өзге ауданның шаруаларына таныстыру мақсатында Мырзашөл өңірінде мамандандырылған кезекті көшпелі семинар өтті. Онда ауылшаруашылығы кооперативтерін құруды ұйымдастыру, кооперативтерді мемлекеттік қолдау құралдары мен оның тиімді жолдары талқыланды. Мақта мен қарқынды бау шаруашылығын дамыту жайы сөз болды.
Семинарға жетекшілік еткен облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асқар Қаныбеков өңірдегі мақта егісінің 80 пайызы Мақтарал ауданына тиесілі екенін айтып, өнімнің түсімділігін арттыруға күш салу керектігіне тоқталды. Аталған ауданның шаруалары мақта шитінің тұқымын әлі де көршілес елдерден алып келетінін айтып, мемлекет тұқым шаруашылығын өзімізде дамытуға ерекше көңіл бөліп, арнайы осы бағытқа субсидия бөліп отырғандығын атап өтті. Семинарға жиналғандар мақта мен жеміс-жидек өсіру бойынша шеберліктерін шыңдап, осы саладағы озық технологиялармен танысты.
Айта кетейік, өткен жылы Мақтарал ауданында 83 мың гектардан астам жерге мақта дақылы егіліп, орташа өнімділік 218,5 мың тоннаны құраған. Ал аудандағы егістіктерді әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде биылғы жылы болжамдық мәліметтерге сәйкес аудан шаруалары 80 мың гектар алқапқа мақта дақылын егуді жоспарлап отыр.