Оңтүстік Қазақстанда биыл 3,2 мыңға жуық пәтер пайдалануға беріледі
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы ауданы 252 мың шаршы метрлі 3 197 пәтер пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Елбасының жүктеген функциялары мен міндеттерінің орындалуы бойынша облыстық мәслихат депутаттарының алдындағы берген есебінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті.
Әкімнің мәліметінше, биыл 5 мәдениет үйі, 1 мұражай пайдалануға берілді.
«Жыл басынан облыс спортшылары чемпионаттар мен біріншіліктерге қатысып, 403 алтын, 392 күміс, 384 қола медальға қол жеткізді. Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына 1 күміс, 1 қола медальды облысымыздың спортшылары салды. Есепті кезеңде 1 спорт кешені іске қосылды», - деді Б. Атамқұлов.
Халықты қажетті инфрақұрлыммен қамтамасыз ету мақсатында, ағымдағы жылы 27 ауызсу нысанының құрылысы жүргізіліп, 25-і пайдалануға берілетін болады, 2 нысанның құрылысы 2017 жылға ауысады. Оның ішінде, су құбыры мүлдем жоқ 7 елді мекенге (5,6 мың халық) жаңа ауыз су құбырларының құрылысы жүргізіліп, 14 елді мекендегі (59,5 мың халық) тозығы жеткен ауыз су жүйелері жаңартылады. Бүгінге 1 нысан іске қосылды.
«Ағымдағы жылы құрылысы жүргізіліп жатқан 33 газ нысандарының 12-сі пайдалануға берілді. Жылдың қорытындысымен 25 елді мекен газдандырылып, нәтижесінде, табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны жалпы 293 жететін болады, онда шамамен 1,7 млн. адам тұрады», - дейді облыс басшысы.
Облыста 199 жол нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Қазіргі таңда, 45 нысан пайдалануға берілді. Жылдың қорытындысы бойынша, 179 нысанды немесе 520 шақырым жолды пайдалануға беруді жоспарлануда.
«2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 790 мың шаршы метрлі 262 үйдің құрылысы жүргізілуде (11 135 пәтер). Ағымдағы жылы 252 мың шаршы метрлі 151 үй (3 197 пәтер) пайдалануға беріледі», - деп атап өтті әкім.