Оңтүстік Қазақстанда конструкциялы медпункттердің саны артуда

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Оңтүстік Қазақстан облысында  ағымдағы жылы модульдік құрамалы 20 медициналық бекеттер пайдалануға тапсырылды. Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасына орай салынған нысандар өңірдің бірақатар қала-аудандарынан ашылды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.



Атап айтқанда, Бәйдібек ауданында - 3, Сайрам мен Түлкібас ауданындарында - 2 және Сарыағаш өңірінде 13 медициналық бекет бой  көтерді. Бүгінде аталған пункттер халыққа өз қызметін көрсетіп келеді. Бүгін облыстық денсаулық басқармасының ұйымдастыруымен журналистер Сарыағаш ауданындағы жаңа модульді құрамалы медициналық бекеттердің жұмысымен танысып қайтты. Ондағы көрсетіліп жатқан қызметтерді көзбен көріп, жергілікті жұрттың пікіріне қанықты.



Мәселен, Қошқар ата ауылдық округіне қарасты Қарабура, Жамбыл және Калинин елді мекендерінен ашылған нысандар түрік компанияларының жобасы бойынша бой көтерген. Олар заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтылған. Фельдшер мен медбике қызмет көрсетеді. Алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған жаңа медпунктте балалар мен ересектерге арналған бөлмелер де бар. Сондай-ақ, екпе салынып, медициналық сараптама қабылдау және ем-дом жасауға барлық жағдай жасалған.

Мамандардың мәліметінше, заманауи пункттердің алаңы 125 шаршы метрді құрайды. Модульдік конструкция құны 30 млн теңгені құрайды. Жаңадан пайдалануға берілген модульді құрамалы медициналық бекеттер облыс тұрғындарының көңілінен шығуда. Әсіресе, шалғай елді мекендерге мұндай  медициналық бекеттердің салынуы бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына оң әсер етуде.     

Еске салайық, облыс бойынша бүгінде  846 медициналық нысан бар. 225-і медициналық пункт болса,  оның 87-і  жалға алынған. Ағымдағы жылы тағы 67 бекеттің құрылысы жүргізілетін болады. Егер аталған жоба  іске асса,  облыстағы медициналық бекеттердің қажеттілігі толық қамтамасыз етілмек. Бұдан бөлек, облыстағы денсаулық сақтау саласында  9 нысанның құрылысына 4,6 млрд теңге бөлінді. Оның екеуі дәрігерлік амбулатория, жетеуі емхана болады.

Соңғы жаңалықтар
telegram