Оңтүстік Қазақстанда құлаған тікұшақтағы 10 адам әлі де іздестірілуде - Шекара қызметі директорының орынбасары
Әзірге олардың опат болғаны немесе тірі екендігі жөнінде нақты мәлімет жоқ. Іздестіру жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы бүгін аталмыш мәселеге байланысты журналистермен арнайы баспасөз мәслихатын өткізген ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі директорының орынбасары Амангелді Әбілқанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Өзбекстаннның Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Мемлекеттік шекараны қорғау комитетінен ҚР Шекара қызметіне 6 қарулы қылмыскердің Қазақстан-өзбек шекарасын заңсыз кесіп өтпек ниеттері бар екендігі жөнінде ақпарат келіп түскен. Осыған байланысты «Оңтүстік» аймақтық басқармасының қызметкерлері мемлекеттік шекараны күшейтілген түрде қорғауға көшкен. «Ал таулы аймақтарға арнайы бақылау- іздестіру топтары жөнелтілді. Оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің авиация қызметі де бар. Таңғы сағат 9 шамасында МИ-8 тікұшағы Шымкент қаласынан «Арлан» арнайы жасағының қызметкерлерін алып Леңгір шекара комендатурасына жөнелді. Ол жерден тікұшақ тағы бірнеше сардарды алып, Өгем шекара заставасына қарай ұшып кетті. Ал сағат 10-30-дар шамасында тікұшақпен байланыс үзілді», деді директордың орынбасары.
Оның мәліметтеріне қарағанда, сағат 12-00-де Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орынбасары, Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Болат Қырғызбаевтың басшылығымен жедел штаб құрылып, оқиғаның жайынан еліміздің барлық министрліктері мен күш-қуат құрылымдары хабардар етілген. Сағат 12-30 шамасында Төтенше жағдайлар және Қорғаныс министрлігінің авиациясы жоғалған тікұшақты іздеуге кірісті. Осы мезгілде орман шаруашылығы қызметкерлерінен тікұшақтың Өгем шатқалына барып құлағандығы жөнінде хабар келіп түскен. «Сондай-ақ сағат 14-30-да төтенше жағдайлар саласының тікұшағы жоғалған әуе көлігінде болған 3 жауынгерді алып келді. Олар әртүрлі дене жарақаттарын алған. Қазіргі таңда табылған жауангерлердің 3-уі де ауруханада жатыр», деді директордың орынбасары.
Сондай-ақ оның мәліметтерінше, тікұшақ мүшелері Өгем шатқалы үстімен ұшып бара жатқан тұста бейтаныс 5 адамды байқап қалған. Осыған байланысты тікұшақтағы топтың басшысы полковник Руслан Зәкиев тікұшақты қондыруға қолайлы жер тауып, белгісіз адамдардың кім екендігін анықтау қажеттігі жөнінде арнайы бұйрық берген. Ал тікұшақ қонар тұста белгісіз бір жағдай болған. Ал оның нендей жағдай екендігін арнайы құрылған ведомствоаралық комиссия анықтайды.
Оның мәліметтеріне қарағанда, қазір тікұшақта отырғандарды іздестіру жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыттағы шараларға Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің және Шекара қызметінің күштері жұмылдырылған. «Біз қазіргі таңда тікұшақтың үш мүшесін таптық. Енді қалған 10 адамды іздестірудеміз. Ал олардың өлі- тірі екендігі жөнінде ешқандай мәлімет бере алмаймыз. Ауруханада жатқан тікұшақ мүшелерінің айтуларынша, машина алдымен өртеніп содан соң жарылған. Ал қалған адамдардың не болғандығын олар білмейді», деді Амангелді Әбілқанов.