Оңтүстік Қазақстанда православтық бағытта 18 діни бірлестік жұмыс істейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев орыс драма театрында  «Рождественские встречи» іс-шарасына қатысып, жиналғандарды Рождество мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оңтүстік Қазақстанда православтық бағытта 18 діни бірлестік жұмыс істейді

Ол өз сөзінде елімізде түрлі конфессиялардың өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқанын тілге тиек етіп, азаматтардың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілік, отбасылық  құндылықтарға деген құрмет сезімінің маңыздылығына тоқталды.

«Ұлт көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында  елімізде әртүрлі діни конфессиялардың қызметі үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалып отыр. Елімізде ұлтаралық татулық нығайып, бейбітшілік орнады. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында 11 конфессия енген 867 діни бірлестік жұмыс істейді, олардың 18-і православтық бағытта.  Олар қоғамның дамуына, өңірдің ұлттық-мәдени саласын өркендетуге, жастарды патриоттыққа  тәрбиелеуге белсенді араласып келеді», - деді өңір басшысы.

Шара барысында «Славян этно-мәдени орталығының» төрағасы М.Лимаренко, «Шымкент епархиясының Шымкент қаласындағы Свято-Никольский кафедралдық соборының приходы» протоиерейі А.Могилевский жиналғандар алдында  өз лебізін білдірді.

Мерекелік жиында «Ардагерлер хоры» «Рождественские песни»  әндерін орындады. «Славян этно-мәдени орталығы» Казачьий хорының әнін ұсынса, облыстық орыс драма театры «О рождении Иисуса Христа» тақырыбындағы  көрініс пен «Алиса в стране чудес» рождестволық концерт-мюзиклдерін қойды.