Оңтүстік Қазақстандағы өрт: Үш бала мерт болды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында тұрғын үйден өрт шығып, үш бала көз жұмды. Тағы бір адам зардап шеккен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қайғылы оқиға Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында болған.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, түнгі сағат үштер шамасында жаңадан салынған тұрғын үйден өрт шыққан. Бұл уақытта аналары тағы екі кішкентай балаларын алып, қалаға қыдырып кеткен екен. Пеш тұрған бөлмеден шыққан жалын жан-жаққа тарап, көрші бөлмедегі балалар түтінге тұншыққан. Тілсіз жауды ауыздықтауға аудандық өрт сөндіру қызметінің 11 қызметкері мен 3 бірлік техника жұмылдырылған. Жалын шамамен 03.48-де толығымен сөндіріліп, біткен. Алайда өрт салдарынан 6, 11 және 12 жастағы үш баланы күйік шалып, оқиға орнында көз жұмды. Ал, 35 жастағы әкесінің денесін 18 пайыз күйік шалып, аудандық ауруханаға жатқызылған. Жалын шарпыған аумақ 250 шаршы метрді құрады.
Қазір осы оқиға бойынша тиісті сот-медициналық және басқа да сараптамалар тағайындалып, өрттің неден шыққаны анықталып жатыр.