Оңтүстік Қазақстанның екі тұрғыны 7,5 келі героинмен ұсталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында 7,5 келі героин сатпақ болған екі күдікті ұсталды.
Өңірдің тәртіп сақшылары ірі көлемде есірткіні саудалаған Қазығұрт ауданының тұрғындарын Шымкент-Ташкент тасжолы бойында қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Сезіктілердің аса ірі көлемде есірткі сататындарын өңірдің тәртіп сақшылары алдын ала білген. Облыстық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында 1969 және 1970 жылдары туған екі күдіктіні ұстады. Екеуі де Қазығұрт ауданының тұрғындары болып шықты. Автокөлік салонын тінту кезінде 7 пластмасс ыдысқа салынған героинге ұқсас есірткі заты тәркіленді. Сот-криминалдық сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың жалпы салмағы 7,5 келіні құрайтын героин екені анықталды.
Қазіргі таңда осы жайт бойынша ҚР ҚК 297-бабымен («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полицейлер сондай-ақ есірткі затының Оңтүстік Қазақстан облысына қандай жолмен келгенін, кімге жеткізілуі тиіс болғанын анықтау мақсатында жедел шаралар жүргізуде.