Оңтүстік Қазақстанның туроператорлары үш мемлекетпен келісімшарт жасасты
Алдағы жұмыс жоспарлар жайы талқыланған жиын нәтижесінде, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген мамандар мен өңірдің бизнес өкілдері өзара ынтымақтастықты арттыру аясында 10 келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Аталған құжаттар негізінде, тараптар туризмді өзара тиімді дамытуға, керекті ақпараттар мен тәжірибе алмасуға, бірігіп ішкі туризмді дамытуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыруға міндеттеледі.
Еске салсақ, 25-29 сәуір аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының туристік мүмкіншіліктерін халықаралық нарықта арттыру мақсатында ақпараттық тур өткен-ді. Қытай (3 туроператор), Қырғызстан (5) және Өзбекстаннан (10) келген туроператорлар бес күн ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи-мәдени, емдеу-оңалту, экологиялық - басты 3 бағытымен танысты. Онда қонақтар Түркістан шаһары мен Отырар ауданындағы тарихи орындарға, Сарыағаштағы сауықтыру орталықтарына, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі демалыс аймақтарына және Шымкенттегі қонақүйлерге барып, аралады.
Аймақтың сан қырлы табиғатына қаныққан шетелдік қонақтар күнгейдің тамаша табиғатына сүйсініп, облыс орталығы - Шымкенттің әсем сәулетімен танысты.