«Оңтүстік» көліктік - логистикалық орталығында кедендік рәсімдеу де жүргізіледі

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» көліктік - логистикалық орталығы мен Нұрсәт мөлтек ауданында болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оңтүстік» көліктік - логистикалық орталығында кедендік рәсімдеу де жүргізіледі

Аймақ басшысы алдымен «Оңтүстік» көліктік - логистикалық орталығында жаңадан салынған «Continental Logistics Shymkent» ЖШС-ның қоймалық кешенінің жұмысымен танысты. Заманауи құралдармен жабдықталған қойма әкімшілік ғимаратпен, контейнер терминалымен, кедендік бақылау аймағы және тиісті инфрақұрылыммен қамтылған. Жоба жылына 1 млн тонна тауар сақтауға қауқарлы. «Оңтүстік» көліктік - логистикалық орталық аумағынан Кедендік рәсімдеу орталығын құру жоспарланған. Бүгінде темір жол тартылып, жүк көліктерінің кіріп-шығуына барлық жағдай жасалған.

Аймақ басшысы Нұрсәт мөлтек ауданында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен және абаттандыру жұмыстарымен де танысты. Жалпы облыста «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 2018 жылы жалпы аумағы 730 мың шаршы метрді құрайтын көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бүгінде қаржыландырудың барлық көздері арқылы облыста 236 көпқабатты үйлердің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 88 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ал, Шымкент қаласында 167 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен оның 65-і пайдалануға ұсынылады. Нысандарды аралау барысында аймақ басшысы алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс жобаларды атап, жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Жасалып жатқан жұмыстарды бұдан да жүйелендіре түсу керектігін тапсырды. Яғни, индустриялды аймақтағы кәсіпорындардың өнім көлемін арттыру үшін барлық жағдай жасалу керек екенін атап өтті.

Айта кетейік, «Тассай» индустриялдық аймағы 2016 жылы құрылған. Мұнда алдағы 2 жылдың ішінде жалпы құны 37 948,1 млрд теңгені құрайтын 25 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 1631 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда мұнда 4 жоба іске қосылып, 200-ге тарта азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.