Оңтүстік Корея Атырау облысымен медицина саласында әріптестікті нығайтпақ

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысына сапармен келген Оңтүстік Кореяның елшісі Атырау өңірімен ынтымақтастықты арттыруға ниетті екенін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оңтүстік Корея Атырау облысымен медицина саласында әріптестікті нығайтпақ


Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Оңтүстік Корея Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг Сокты қабылдады. Тараптар кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастық пен екіжақты сауда-экономикалық қатынас туралы сөз қозғады.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан бері екі ел арасында достық қарым-қатынаспен қатар, сауда және экономикалық қатынастар да қалыптасты. Осы орайда екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Бұл орайда, әсіресе, корей инвестициясын тартуға мүдделіміз», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.


Сондай-ақ, әкім мұнайлы өңір үшін Оңтүстік Кореяның мұнай-химия өнеркәсібін қарқынды дамыту тәжірибесінің маңызын атап өтті.

«Мұнай-химия өнеркәсібін дамыту бағытында Оңтүстік Кореяның тәжірибесі мол екені анық. Осы бағытта екіжақты тәжірибе алмассақ, бұл болашақта бірлескен кәсіпорындар құру үшін негіз бола алады», - деді Махамбет Досмұхамбетов.

Оңтүстік Корея Республикасының елшісі Ку Хонг Сок мұнай-газ саласында бірқатар бірлескен жоба жүзеге асып жатқанына тоқталды. Алдағы уақытта медицина саласында да әріптестік танытуға ниет білдірді.