13:16, 01 Маусым 2009 | GMT +5
Оңтүстік Корея азаматынан 200 мың АҚШ долларын бопсаламақ болған қылмыстық топ мүшелері ұсталды
АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Соңғы аптада, яғни мамырдың 23-і мен 29-ы аралығында елімізде 1 мың 703 қылмыс тіркеліп, оның 1 мың 317 - сінің ізі суымай ашылды.
Оның 581-і бұрын жасалған қылмыстар. Сондай-ақ іздеуде жүрген 90 адам табылып, 11 атыс қаруы тәркіленді. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның мәліметтеріне қарағанда, осы мерзімде 155 есірткімен байланысты қылмыс тіркеліп, оның 42-сі есірткіні саудалауға қатысты болған. Мамырдың 26-сы күні қарағандылық тәртіп сақшылары осы қала тұрғындарының бірін ұстап, одан 1 килә есірткі тәркілеген. «Ал ұйымдасқан қылмыспен күрес мақсатындағы іс-шаралар негізінде 17 қылмыстық іс қозғалған. Оның біреуі экономикалық қылмысқа да қатысты болып отыр. Сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топтың 4 мүшесі мен қылмыстық ортаның 1 беделді азаматы ұсталды», - деді департамент бастығы. Оның мәліметтерінше, Жамбыл облысының полицейлері ұйымдасқан қылмыстық топтың белсендісін ұстап, одан 1 килә 400 грамм героин тәркілеген. Ал Алматы қаласында Оңтүстік Корея азаматын ұрлап, одан 200 мың АҚШ долларын бопсаламақ болған қаланың 4 тұрғыны ұсталған. Сондай-ақ алматылық Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері Қаскелең қаласының тұрғынынан
3 мың доллар бопсаламақ болған осы қаланың 5 тұрғынын қолға түсірді.