Оңтүстік Корея дәрігерлері Павлодарда жаңа диагностикалық орталық ашады
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Екінші диагностикалық орталыққа ғимарат іздеу мақсатында Павлодарға оңтүстіккореялық дәрігерлер келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Диагностикалық орталық ашылған соң бізге тек қазақстандықтар ғана емес, жақын шетелден де адамдар келетін болады. Ауруды емдегеннен гөрі, оның ертерек алдын алған оңайырақ. Бұл - жаңа диагностикалық орталықтың басты ережесі болады»,-деді Пусан қаласындағы Донг-А университеті жанындағы аурухананың директоры Хо Дже Так.
Шетелдік мамандар қажетті құрылғылардың бәрін дайындап, павлодарлық әріптестерін іс-тәжрибеден өтуге шақырып отыр. Өңір басшысы Болат Бақауовпен кездесу барысында Хо Дже Так өзінің алдағы мақсаттары мен жоспарлары туралы айтты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 
«Қонақтар Павлодарға бірнеше күнге келді. Олар жаңа орталыққа ыңғайлы ғимарат іздеуде. Бірнеше аурухананы қарап көрген шетелдік мамандар бұрынғы Павлодар аудандық емханасына тоқтады. Қазір тараптар ғимаратты сатып алу құқығы берілмей ұсынатын нұсқаға келісіп жатыр», деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жаңа орталыққа орнатылатын медициналық құрылғылар мен аспаптардың құны 90 млн теңгеден асып жығылады екен. Қабылдайтын тарап ол үшін ақша төлемейді. Тек құралдарды жеткізу және кедендік жеңілдіктер жағына көмектессе болғаны.
«Бұл заманауи рентген-құрылғы, ультрадыбыс арқылы диагностика жасау жүйесі, мидағы қан айналымын өлшейтін аспап, жүрек-өкпе реанимациясының және пациенттерге арналған мониторлар мен басқа да медициналық құрал-жабдықтар. Қазір қажетті құрылғылардың барлығы буылып-түйіліп Қазақстанға кез-келген уақытта жеткізілуге дайын тұр. Енді кадр мәселесін шешуіміз керек. Сол үшін павлодарлық әріптестерді елімізге шақырып отырмыз»,-деді Хо Дже Так.
Болат Бақауов шетелдік дәрігерлерге құрал-жабдықтарды Павлодарға жеткізу үшін барынша көмек көрсетуге уәде берді.