Оңтүстік Корея Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Жамбыл» мұнай кенішін игеруге қызығушылық танытып отыр

АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Оңтүстік Корея Республикасы Каспий теңізінің қазақстандық секторының солтүстік бөлігінде орналасқан «Жамбыл» мұнай кенішін бірлесіп игеруге қызығушылық танытып отыр,

Оңтүстік Корея Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Жамбыл» мұнай кенішін игеруге қызығушылық танытып отыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біз энергетика және минералдық ресурстар саласында ынтымақтасу қажеттігі жөнінде ортақ көзқарас білдірдік. Сондай-ақ Оңтүстік Корея өзара пайдалы ынтымақтастықты орнату үшін Қазақстанның өнеркәсібін әртараптандыру үдерісіне белсенді түрде қатысуға дайын. Сонымен қатар біз ауқымы жағынан ірі түрлі мемлекеттік жобалар, оның ішінде «Жамбыл» мұнай кенішін бірлесіп игеру, сондай-ақ «Балқаш жылу электр стансысының» құрылысын басқару бойынша тығыз ынтымақтасуға келістік», деді бүгін Ақордада Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен жүргізілген келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бак. Айта кетейік, 2004 жылдың наурыз айында «ҚазМұнайГаз» бен Корея консорциумы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, ол бойынша тараптар Каспий теңізінің қазақстандық секторының солтүстігінде орналасқан Махамбет үстіртіне (төрт учаске ? Махамбет, Сәтбаев, Жамбыл, Жетісу) бірлесіп баға берді. Жұмыс нәтижелері бойынша 2004 жылдың қыркүйегінде «ҚазМұнайГаз» бен Корея консорциумы хаттамаға қол қойды, онда «Жамбыл» учаскесі одан әрі келіссөздер жүргізу үшін перспективалық учаске ретінде айқындалды. 2005 жылдың сәуір айында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы кейіннен барлау келісімшартын жасасу құқымен, «Жамбыл» учаскесінде көмірсутек шикізатын барлау үшін жер қойнауын пайдалану құқығын алды. Жобаны дайындау барысында барлау келісімшартына мемлекеттік, соның ішінде экологиялық (фондық зерттеулер, қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау, қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау бойынша) қоғамдық тыңдаулар өткізілді, сараптамалар жүргізілді. 2008 жылы ақпанның 27-сінде ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі және «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы «Жамбыл» учаскесі бойынша көмірсутек шикізатына барлау жүргізу келісімшартына қол қойды. Келісімшарттың негізгі талаптары 2Д сейсмобарлау жұмыстарын жүргізу және «Жамбыл» және «Жетісу» құрылымдарындағы екі барлау ұңғымасын бұрғылау болып табылады. Келісімшарт сондай-ақ қазақстандық қызметкерлерді оқытуды 300 мың АҚШ доллары мөлшерінде және республикадағы әлеуметтік жобаларды 300 мың АҚШ доллары мөлшерінде жыл сайын қаржыландыруды көздейді. Ал, 2008 жылғы мамырдың 14-де Астанада Корея Республикасының Премьер-Министрі Хан Сын Су мырза «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның сол кездегі президенті Ұзақбай Қарабалинмен кездесіп, оның барысында Каспий теңізінің қазақстандық секторының солтүстік бөлігінде орналасқан «Жамбыл» жобасын іске асыру бойынша Корея консорциумы мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланған болатын. Кездесу барысында тараптар «Жамбыл» учаскесі бойынша барлау келісімшартындағы 27 пайыз қатысу үлесін Корея консорциумының пайдасына беру туралы шартқа, бірлескен қызмет туралы келісімге, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Корея консорциумы арасындағы Қаржыландыру туралы келісімге қол қойды.