Оңтүстік Корея Қазақстанға инвестиция құюды азайтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Корея кәсіпкерлері Қазақстанда ауыл шаруашылығы, медицина, инфрақұрылымдық құрылыс және сауда салалары бойынша жобаларға инвестиция құюға мүдделі. Алайда, Қазақстанда шетелдік инвесторлар жиі кез болатын өзекті мәселелер де жоқ емес, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Бұл туралы елордада өткен Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның ынтымақтастық форумында Кореяның «KOTRA» сауда және инвестициялар бойынша агенттігінің басшысы Канг Санг Ёп мәлімдеді.
Агенттік басшысы Қазақстанға инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет деп пікір білдірді және қазақстандық заңнаманың айқындығы мен соттың біліктілігіне қатысты алаңдаушылықты, жемқорлық, теңгенің девальвацияға ұшырау қаупі секілді оңтүстіккореялық бизнесмендер жиі кез болатын мәселелерді атап көрсетті. Сондай-ақ, олар инвестицияланатын мүліктің қауіпсіздігіне, тұтынушылардың сатып алу қабілетіне және қазақстандық стандарттар мен нормалардың тұрақтылығына нық сенімді емес.
Сондай-ақ, «KOTRA» өкілі инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша Қазақстан Үкіметі жүргізіп жатқан жұмыстардың нәтиже береріне сенім білдірді және соңғы екі жылда Оңтүстік Кореяның Қазақстанға құйған инвестициялар көлемі айтарлықтай төмендегенін айғақтайтын деректерді келтірді.
Агенттік басшысы келтірген деректерге сәйкес, дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бері Кореяның Қазақстанға құйған инвестициялар 2 млрд 580 млн долларға жеткен. 2012 жылы электр, газ және сумен жабдықтау жобаларына салынған инвестициялар көлемі 180 миллион долларды құраса, 2010 жылдан бүгінге дейінгі инвестициялар көлемі 880 млн долларға жеткен.
«Бірте-бірте өсіп келе жатқан инвестициялар көлемі 2015 жылы қысқара түсті және 2016 жылы небәрі 7 млн долларды көрсетті. Көбінесе тау-кен өнеркәсібі, өндіріс, құрылыс және ақпараттық қызметтер салаларына қаржы инвестицияланған. Ал 2017 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанға салынған кореялық инвестициялар көлемі 2 миллион 800 мың долларды ғана құрап отыр», - деді ол.
Қазақстанда өндіріс, сауда және құрылыс салаларында 465 оңтүстіккорейлік компания жұмыс істейді. Сонымен қатар, химиялық өнеркәсіп, энергетика, құрылыс, автомобиль өндірісі және медицина салаларында кореялық-қазақстандық 27 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.