Оңтүстік Корея шалаөткізгіш өндірісі бойынша әлемдегі ірі кластер жасайды
СЕУЛ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Корея Сеулде шалаөткізгіш өндірісі бойынша әлемдегі ірі кластер жасамақ. Осы мақсатта 300 трлн вон (229,81 млрд АҚШ доллары) көлемінде инвестиция тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
Сауда департаментінің мәліметі бойынша, кластер Үкіметтің алты негізгі саланы — чиптерді, дисплейлерді, қайталама батареяларды, биотехнологияларды, болашақ көліктерді және роботтарды дамыту жөніндегі кешенді жоспарының бөлігі болып табылады, ол сонымен қатар 2026 жылға қарай 550 трлн вон корпоративтік инвестицияны қажет етеді.
Кёнгидо провинциясында шалаөткізгіштердің жаңа мега-кластері құрылады, онда 2042 жылға қарай микросхема өндіретін бес озық кәсіпорын және материалдар, бөлшектер мен фабрикалар шығаратын 150-ге жуық компания ашылады.
Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль бүгін елдің экономикалық саясатын дамыту жөніндегі кеңесте мега-жобаны жариялады.
«Бізде жад микросхемалары мен OLED дисплейлері сияқты бірнеше салада әлемдік деңгейдегі технологиялық және өндірістік мүмкіндіктер бар. Үкімет одан әрі даму үшін жеке сектордың инвестицияларын қолдауы керек», - деді ол.
BBC News хабарлауынша, әлемдегі ең ірі жад микросхемаларын, смартфондар мен теледидарларды өндіруші Samsung ірі компаниясы 20 жыл ішінде жаңа мега-кластерге барлық айтылған соманы - 300 трлн вонды инвестициялауды жоспарлап отырғанын растады.
Samsung компаниясы жаңа кластерге жүздеген миллиард АҚШ долларын инвестициялаудан басқа, биыл робототехника бизнесін кеңейту жоспарын жариялады. Компания бұл болашақ сын-қатерлерге белсенді жауап беруге мүмкіндік береді деп санайды, өйткені болашақта жасанды интеллект машиналары адам өмірінде маңызды рөл атқарады.