Оңтүстік Кореяда бес күннен бері шаң-тозаң басылмай тұр
Сеулдің батысындағы аудандардың бірінде атмосферадағы ұсақ дисперсиялы тозаң таңғы сегізде 1 текше метрде 153 мкг деңгейіне жеткен. Айта кетейік, бір текше метр ауадағы 76 мкг тозаңның өзі алаңдатарлық көрсеткіш.
Елдің орталық бөлігіндегі көптеген облыстарда да ауадағы бірінші класты канцерогеннің жоғары деңгейі анықталды. Атап айтқанда, Канвондо провинциясының солтүстік-батысындағы Вонджу қаласында атмосферадағы шаң-тозаң деңгейі 171 кмг көрсеткішіне жетті.
Сеулде дүйсенбі күні шаң-тозаң деңгейі 118 мкг деңгейіне жетті, бұл үкімет бақылау орнатқан 2015 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Сейсенбіде 10 ірі мегаполис және провинцияда жергілікті өзін-өзі басқарушы органдар шаң-тозаң деңгейін төмендету үшін көлік пен ауаға түтін шығаратын нысандардың қуатын азайтып, шұғыл шаралар қолдана бастады.
Ел тұрғындары көшеде маска тағып жүр.
«Ауаның ластанғаны соншалық, менің тамағым ауырып тұр, өзімді солғын сезініп жатырмын. Бұл нағыз қою тұманға ұқсайды», - дейді тұрғындардың бірі.
Метеорологтар бүгін күннің басым бөлігінде тозаңның деңгейі жоғары болатынын хабарлады.
Фото: EPA-EFE