Оңтүстік Кореяда көлігімен баланы қаққан қазақстандыққа сот үкімі шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяда баланы қағып кеткен қазақстандық Сырым Шәрібек екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. ҚазАқпарат бұл туралы «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін Оңтүстік Кореяда жеті жасар баланы қағып кеткен қазақстандыққа осындай үкім шығарылды. Баланың ата-анасы сотталушыны кешірмеді. Олардың айтуынша, баланы емдеуге алпыс миллионнан астам вон жұмсалған. Ол елу мың доллардан асады. Сонымен қатар баланың әкесі мен анасы ұлына қарау үшін жұмыстарынан шығуға мәжбүр болған.

Қазақстандықтың адвокаты Чой Хак Се үкіммен келіспейді. Оның айтуынша, бала жолды рұқсат етілмеген жерден жүгіріп өтпек болғаны сотта дәлелденді. Онымен қоса, айыпталушы баланы қаққаннан кейін, көлігін тоқтатып, оған көмек көрсетіліп жатқанына көз жеткізіп барып жолын жалғастырған.

Сондай-ақ Чой Хак Се айыпталушы Қазақстанның құқыққорғау органдарына өз еркімен берілгенін атап өтті.

«Сот шешімі бала басын қатты жарақаттап алғанымен негізделіп отыр. Зардап шеккен тараппен келісімге келуге талпынып көру үшін апелляцияға береміз. Баланың денсаулығы жақсарып жатса, ата-аналары шешімдерін өзгертіп қалар. Өз қорғауымдағы азаматтың тарапы зардап шегушіге ем-дом үшін ақша бере алмайды. Себебі бұл өте үлкен сома, тіпті, Корея үшін де», - деді Чой Хак Се.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Сырым Шәрібек қазіргі уақытта Чангвон қаласының түрмесінде отырғанын мәлім етті.

«Адвокаттың ақпараты бойынша, айыпталушы тарап сот шешіміне аппеляция беруді шешті. Апелляция қабылданбаған жағдайда, жазасын өтеу мерзімі Корея Республикасының аумағына келген сәттен, яғни 2019 жылдың 14 қазанынан бастап есептеледі. Қазіргі уақытта С. Шәрібек Чангвон қаласының түрмесінде», - деп хабарлады ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Еске салсақ, жол апаты былтыр 16 қыркүйекте болды.

Кейін ҚР Сыртқы істер министрлігің ресми өкілі Айбек Смадияров баланы қаққан 20 жастағы қазақстандық Павлодарда жүргенін мәлім етті.

«Ол Қазақстанға қашып кеткен. Яғни, ұшаққа билет алып, еліне жеткен. Қазіргі уақытта бостандықта. Павлодар қаласында тұрады. Сол жақта біздің жергілікті құқық қорғау органдары оны тауып, сөйлесті. Корея тарапынан арнайы құжаттар келіп түсті. Ол құжаттарды Сыртқы істер министрі тиісті механизм бойынша Бас прокуратураға жолдады. Енді бұл мәселе екі мемлекеттің құқық қорғау органдарының арасында шешіледі», - деді А.Смадияров. Ал қазан айының ортасында қазақстандық жігіт тергеу шараларына қатысу үшін Сеул қаласына өз еркімен ұшып келді. Ол Чангвон қаласының тергеу изоляторына қамалды. Рёнхап агенттігінің хабарлауынша, миына қан құйылған бала оқиғадан кейін ес-түссіз жатқан. Сондай-ақ ақпарат агенттігі қазақстандық заңсыз иммигранттың жүргізуші куәлігі болмағанын атап өтті. Ол басқа адамның атына тіркелген көлікті айдаған. Сондықтан полиция жол апатына кінәлі адамды уақытында анықтай алмай, елден кетуге тыйым сала алмаған. Күдіктіге халықаралық іздеу жарияланғаннан кейін Оңтүстік Корея полицейлері қазақстандық әріптестеріне аталмыш оқиғаға қатысты шара қабылдауды өтінді. Осылайша олар қазақстандық полициямен бірлесіп, заң бұзушының жүрген жерін анықтады. Осы жағдайдан кейін Оңтүстік Кореяның билік өкілдері заңсыз жүрген шетелдік азаматтарға елден алдын ала ескертусіз шығуға тыйым салатынын мәлім етті.



Соңғы жаңалықтар