Оңтүстік Кореяда өтетін Азиадада Қазақстан 26 алтын медаль еншілеуді жоспарлауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін 17-ші жазғы Азиада ойындарында Қазақстан құрамасы 26 алтын медаль еншілеуді жоспарлауда. Бұл туралы бүгін ҚР Спорт істері және дене шынықтыру агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов мәлім етті.
«Біздің міндетіміз спорттың 15 түрінен 26 алтын медаль жеңіп алу. Бұл Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтауына мүмкіндік береді», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, агенттік жеңіл атлетика, ауыр атлетика, байдарка мен каноэ есуден спортшыларымыздың жоғары нәтиже көрсетіндігіне сенім артып отыр. Жалпы, спорттың 30 түрінен саңлақтарымыз жүлделі орындарға ие болатындығына сенім бар.
«Толықтай алғанда, спорттың 39 түрінен 400-410 спортшы қатысатындығы жоспарлануда. Бұл өткен Азиада ойындарына қарағанда 40-50 адамға және спорттың 3 түріне артық», - деді Е.Қанағатов.
Айта кетейік, 17-ші Азиада ойындары қыркүйектің 19-ы мен қазанның 4-і аралығында өтеді. Осы жолғы ойындарға әлемнің 45 елінен 13 мыңнан астам спортшы мен жаттықтырушы қатысады. Азиада ойындарынан 7 мың БАҚ өкілі хабар таратады.