Оңтүстік Кореяда теңіз балшығы фестивалі өтуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Порён қаласында теңіз балшығы фестивалі өтуде, деп жазады 24.kz.
Бұл шаһар ел астанасы Сеулден 190 шақырым қашықтықта орналасқан. Бірін-бірі лай балшықпен атқылайтын шара биыл 17-рет өткізіліп отыр. Былтыр фестивальге 3 миллионнан астам адам қатысқан. Ұйымдастырушылар биыл да сонша саяхатшы келеді деп күтуде. Теңіз балшығы адам терісі үшін пайдалы және түрлі ауруларға қарсы ем ретінде қажетті минералдарға бай. Сондықтан бұл шараға еріккеннің ермегі деп қарамаған жөн. Фестиваль аясында бірнеше шара қамтылған. Олардың арасында балшықпен жүгіру, балшықта күресу, балшықтан мүсіндер жасау, балшық сырғанақтарында сырғанау, балшықпен массаж жасау және би билеу бар. Қызығы мол фестиваль 27 шілдеге дейін жалғасады.