Оңтүстік Кореядағы әскери ойындарда Қазақстан құрамасының қоржыны тағы екі медальмен толықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - VI Дүниежүзілік әскери ойындардың жетінші сайыс күнінде Қазақстан Қарулы Күштері құрамасының қоржыны тағы да екі марапатпен толықтырылды.

Оңтүстік Кореядағы әскери ойындарда Қазақстан құрамасының қоржыны тағы  екі медальмен толықты

Қола медальді 61 келі салмақтағы балуан, Қазақстанның чемпионы, әскери қызметшілер арасындағы 2014 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері ефрейтор Елдос Әбікенов қанжығасына байлады. Тағы бір «қола» медальді команда бойынша оның серігі кіші сержант Әділет Даулумбаев жеңіп алды.

Қазір еркін күресте ҚР ҚМ АОСК спортшылары 37 елдің 230 спортшысын шаң қақтырып, өздерінің шеберліктерімен үздіктер үштігінде тұр.

Осы жарыста командамыз барлығы бес медальға (1 күміс және 4 қола) ие болды. Жақында ғана 57 келіге дейінгі салмақта ҚР спорт шебері, әлем чемпионаттарының жүлдегері Владимир Кудрин күміс медаль жеңіп алған болатын. Екі қола жүлдені 74 келі салмақта халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы кіші сержант Ғалымжан Үсербаев пен 65 келі салмақта әлем чемпионатының жүлдегері ефрейтор Азат Сақаев иеленді.

VI Бүкіләлемдік жазғы армия ойындары 12 қазанда оңтүстіккореялық Мунгёнде аяқталады. Демек, спорттың өзге түрлерінде армиялық спортшыларымыз жаңа жетістерге жетіп, жоғары марапаттарға ие болатындығы анық, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.