Оңтүстік Кореяның Президенті Пак Кын Хе 7 министрді қызметінен босатты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Президенті Пак Кын Хе 300-ге жуық адамның өмірін жалмаған кеме апатына байланысты үкіметтегі 7 министрдің орнын ауыстырды, деп хабарлады бүгін Ренхап агенттігі.
Атап айтқанда, экономикалық мәселелер вице-министр, білім, еңбек және жұмыспен қамту, мәдениет, ғылым, сондай-ақ, гендерлік теңдік пен отбасы мәселелері бойынша министрлер, қауіпсіздік және қоғамдық әкімшілік министрі жаңадан тағайындалды. Оған қоса, кеше саяси істер, әлеуметтік мәселелер, экономика, білім беру және мәдени салалар бойынша көмекшілерін алмастырды. Еске сала кетейік , бортында 476 адам болған «Севол» жолаушылар кемесі 16 сәуір күні Оңтүстік Кореяның оңтүстік-батыс жағалауында апатқа ұшырады. Құрбан болғандардың саны 300-ге жуық. Кеменің апатқа ұшырау ісі бойынша «Чонхэчжин» компаниясы қызметкерлерінің санынан барлығы 20-ға жуық адам ұсталды. Олардың арасында Корея кеме жүргізу қауымдастығының қызметкерлері мен экипаж мүшелері қауіпсіздік шараларын сақтамаған және сыйбайлас жемқорлыққа қатысты деп күдіктелгендер бар.