Оңтүстік Қытай теңізіндегі дағдарыс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай және онымен көрші жатқан елдер арасында Оңтүстік Қытай теңізіндегі кейбір даулы аралдарға байланысты теке тірес тоқтамай тұр. Мәселе қалай шешіледі.
Әзірге белгісіз. Бұдан біраз бұрын АҚШ-тың «егер Бейжің Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулы аралдарды әскери аймаққа айналдыру әрекетін тоқтатпаса қарсы шараға тап болады» деген ескертуіне Қытай билігі даулы аралдарға өз егемендігі туралы мәлімдемемен жауап қатқан-ды. Қытай адмиралы Сунь Цзяньго өз елі Оңтүстік Қытай теңізінде ешкімге проблема тудырып отырмағанын, ал өзге елдер тудыра-тын проблемалар мен шиеленістерден Қытайдың қорықпайтыны туралы мәлімдеген. Сондай-ақ даулы аралдарды қорғау үшін зымыран кешендерін орнатты. Спутниктен түсірілген суреттерде Қытай, Тайвань және Вьетнам таласып отырған аралға сегіз зымыраны бар екі кешен мен радар жүйесі орнатылғаны айқын көрінген. Қысқасы, соңғы кезде Оңтүстік Қытай теңізінде Қытайдың әскери белсенділігі күшейе түскен. АҚШ, Жапония мен Австралия Қытайдың бұл территорияға иелігін мойындамайды және теңіз сауда жолы дамыған Оңтүстік Қытай теңізі ауданында теңізде жүруге толық еркіндік берілуін талап етуде. Ал Қытай өз дегенімен жүргісі бар. Тіпті осы апта басынан бастап, Қытайдың әскери стратегиялық ұшақтары Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулы аралдарды күзетіп, ұша бастады. Ал бұл өз кезегінде осы аймақтағы тартысты тіпті ушыға түсуі мүмкін.
Пхеньян мінез танытты
Солтүстік Корея 2004 жылдан бері әлемді үрейде ұстауда. Дәл сол жылы бұл ел алғаш рет ядролық қаруын сынап, атом қаруы бар мемлекеттердің қатарына қосылған. Содан бері ядролық оқтұмсықты алып ұшатын әртүрлі деңгейдегі зымырандарын сынап жатыр. Соның бірі апта басында сынақтан өткен. Солтүстік Корея Жапон теңізіне бағыттап үш баллистикалық зымыран атты. BBC-дің Оңтүстік Корея әскерилеріне сілтеме жасап хабарлауынша, зымырандар Солтүстік Кореяның оңтүстігіндегі Хванхэ-Пукто провинциясынан ұшырылған. Оңтүстік кореялық әскерилер 500-600 шақырым қашықтықты ұшып өткен зымырандар елдегі кез келген нысанға тие алатынын айтады. Шілденің басында АҚШ пен Оңтүстік Корея Корей түбегінде Солтүстік Кореяның қауіп-қатеріне қарсы зымыраннан қорғаныс жүйесін құру жөнінде келісімшарт жасалған.THAAD (Terminal High Altitude Area Defense) деп аталатын қорғаныс жүйесі баллистикалық зымыран мен өзге де биікте ұшатын зымырандарды қағып түсіреді деп есептеледі. Наурыз айында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі Пхеньянның ядролық сынақ жасағаны мен алысқа ұшатын зымыран ұшырғанына жауап ретінде Солтүстік Кореяға қарсы санкцияларды күшей-ту туралы қарар қабылдаған болатын. Бірақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бұл айтқанын ресми Пхеньян пысқырып отырған жоқ. Өйткені өзінің қарулы күштеріне, ядролық қаруына сенеді. Осы елдің қарулы күштерінің мүмкіндігі жөнінде айта кетелік. Солтүстік Кореяның армиясы 750 мың сарбаз-дан тұрады. Ал резерві 4,5 млн адам. Халқының жалпы саны (2006 жылғы есеп бойынша) 23,113 миллион. Қару-жарағы: тактикалық зымыран (ракета) ататын 52 қондырғы, 2770 танк, 2440 бронды машина, 12820 артиллерия, 3044 зениттік қондырғы, 646 әскери ұшақ, 512 көмекші ұшақтар, 330 тікұшақ, 300 зениттік зымыран ататын қондырғы, 86 әскери кеме, 510 катер, 52 кемеге қарсы зымырандық қондырғы, 300 теңіз жағалауындағы әскерлерге арналған артқондырғы. Ким Чен Ир басқарған солтүстіктердің әскери доктринасы қуатты диверсия-лық-барлау бөлімдерінен тұрады. Диверсиялық топтар құрлықта да, су астымен, үстінде де, көкте де әрекет етуге арналған. Сондай-ақ жапондық камикадзелердің үлгісімен де жасақталған, өз жастығын ала құлау үшін өлімге бас тіккен ұшқыштардың екі бригадасы бар. Олар 140 ұшақтан тұрады және 200 ұшқыш бар. Бір айта кетер жайт, 2006 жылы Солтүстік Корея өзін «ядролық державамыз» деп жариялады. Оның себептері жоқ емес. Кейбір деректерге қарасақ, ол елде 10-12 ядролық заряд және оларды көздеген жерге жеткізетін зымырандар да бар. Тағы бір мәселе, солтүстіктердің қолында 50-70 шақырым қашықтыққа жететін «Луна-М» тактикалық зымыраны, 300 шақырымға жететін «Скад», 550-600 шақырымға арналған «Нодон-1» , 1500 шақырымдық Тепходон-1», сондай-ақ 7 мың шақырым жердегі жауын күйрете алатын «Тепходон-2» зымырандары бар. Жалпы, 200 дана «Нодон» және 800 «Скад» бар деп есептеледі. Солтүстіктердің әскері жан беріп, жан алуға даяр, әбден ысылған, отаншылдық рухты бойға сіңіргендер. Неге болса да аянып қалмайтындар.
Еревандағы тығырық
Армения астанасы Еревандағы тартысқа әлі нүкте қойылған жоқ. Бұл жөнінде кеңірек тілге тиек етер болсақ, Ереванда полиция ғимаратын басып алған радикалды оппозициялық «Құрылтай парламенті» қозғалысының қарулы мүшелері мен қауіпсіздік күштері арасындағы қарсылық басылмай тұр.
Қарулы топ кепілге алған жеті адамның үшеуін босатқан. Бір еске сала кететін жайт, 17 шілдеде таңертең кем дегенде 25-30 болатын бір топ қарулы адам Ереванның оңтүстігіндегі Эребуни ауданында полиция учаскесін басып алды. Қарулы топ оппозициялық «Құрылтай парламенті» қозғалысының жетекшісі Жирайр Сефилянді қамаудан босатуды, Армения президенті Серж Саргсяннің отставкаға кетуін талап етеді. Сефилян өткен айда қарулы көтеріліс жасауды жоспарлады деген айыппен қамауға алынған.Кейбір ақпар бойынша, қарулы топ пен кепілде отырған бірнеше полиция қызметкеріне тамақ пен қажетті дәрі-дәрмек жеткізілген. Бұған дейін Армения полициясы бастығының бірінші орынбасары генерал Унан Погосян кепілге алынғандар арасында полицияның жоғары шенді екі шенеунігі барын мәлімдеген. Олар бірнеше талап қойып отыр. Ең бастысы, олар өздерінің басшылары, Қарабақ соғысының ардагері, «Жаңа Армения» радикалды оппозициялық ұйымының басшысы, 49 жастағы Жирайр Сефилянның босатылғанын қалайды. Бірақ жағдай қалай шешіледі. Әзірге белгісіз. Билік олардың талаптарын қанағаттандыра қоюы екіталай сияқты. Жергілікті саясаттанушы Александр Искандарян: «Талаптары орындалмайды. Олар өмірден тым алшақ талаптар қойып жатыр. Біріншіден, олар үкіметтің, президенттің отставкасы мен кезекті сайлау тағайындаудан бастап, Сефилян мырзаны түрмеден босатуға дейін әркелкі талаптар қойды. Топ мүшелері түрлі мәлімдемелер жасап жатыр. Олардың талаптарының ешқайсысын орындау мүмкін емес. Бұл - тығырық. Бейбіт жолмен шешуге бола ма? Білмеймін. Тырысып көреді. Келіссөз жүріп жатыр. Менің білуімше, келіссөзшілер, психологтар жұмыс істеуде. Биліктегілер қантөгіссіз шешуге бар күшін салып-ақ жатыр. Іштен тым радикалды мәлімдемелер айтылып жатыр. Олардың арасында өте эмоционалды адамдар бар. Бейбіт жолмен шешу мүмкін болмаса, шабуыл жасалады» дейді.
Асад орнын босатуы тиіс
Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің басшысы Борис Джонсон Сирия президенті Башар Асад қызметтен мүлде кетуі керек деп санайды.
Егер ол орнынан кетпеген жағдайда елде ешқашан тұрықтылық болмайды, мұны Ресей билігі түсінуі тиіс. Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігінің басшылығына жаңадан келген Джонсон Ресей халықаралық қоғамдастықтың көзқарасымен есептесуі керек деп есептейді. Сирия ісіне қатысты Сыртқы істер ведомстволары басшыларының кездесуінде Асад билікте тұрған жағдайда елде тыныштылық болмайтынын атап айтты.
- Мен босып жүрген Сирия халқының қазіргі жағдайын адам баласының басына бермесін деп тілеймін. Тыныштық орнау үшін Башар Асад қызметінен кетуі тиіс және мұны Ресей президентінің тереңірек түсінгені абзал, - деді Борис Джонсон.
Бұл мәлімдемені Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Италия, Германия, Франция, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы және Еуроодақтың жоғары өкілдігімен болған кездесуде айтты.
Он шенеунік сотталды
Тәжікстан Жоғарғы соты төрғасының мәлімдеуінше, өткен жылы қыркүйекте Душанбе және Вахдат қалаларында болған бүлікке байланысты құқыққорғау органдарының он шенеунігі түрме жазасын алды. Сотталғандардың бірі жоғары лауазымды қызметте істеген. Бірақ Жоғарғы сот басшысы олардың есімдері мен қызметтерін атаған жоқ.
Тәжікстан Жоғарғы сотының төрағасы Шермухаммади Шохиён Душанбе қаласында баспасөз мәслихатын өткізіп, Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Абдухалим Назарзоданың (Ходжи Халим) бүлігіне қатысты қылмыстық істі қарау аяқталғанын мәлімдеді. Ол «Назарзода бүлігі биліктің әрекетсіздігінен болды» деп мәлімдеді.
2015 жылы 4 қыркүйек күні таңертең Вахдат қаласының ішкі істер бөліміне және Душанбе әуежайы маңындағы милиция кезекшілік пунктіне шабуыл жасалды. Билік мұны Назарзоданың адамдары ұйымдастырған деп есептейді. Сол кезде Назарзода Тәжікстан қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқаратын. Қылмыстық топқа қарсы операция Рамит шатқалында 12 күнге созылды. Соның салдарынан 14 полиция қызметкері қаза болып, қылмыстық топтың шамамен 30 мүшесі өлтірілді. Осы оқиғадан соң 200-ге жуық адам қамауға алынды және Тәжікстан соты солардың басым бөлігіне жаза белгіледі. Сот процестері жабық өтті, тіпті мемлекеттік БАҚ сот шешімдері туралы хабар таратқан жоқ.
Қос ұшқышты қамауға алды
«Түркия билігі өткен жылдың қараша айында Ресейдің бомбалаушы Су-24 ұшағын атып түсірген қос ұшқышты қамауға алды». Бұл туралы Блумберг агенттігі түркиялық жоғары шенді шенеунікке сілтеме жасап хабарлады.
«Сирия шекарасы маңында Ресейдің бомбалаушы Су-24 ұшағын атып түсірген екі ұшқыш қамауға алынды» деген хабарды түркиялық шенеунік оның атын атамау туралы шартпен айтып берген. Бұл туралы «РИА Новости» агентігі жазады.
Ресей мен Түркия арасында салқындық өткен жылдың 24 қарашасында Түркияның жойғыш ұшағы Сирия шекарасы маңында Ресейдің бомбалаушы Су-24 ұшағын атып түсіргеннен кейін басталған. Ресей президенті Владимир Путин мұны «арқадан жасалған соққы» деп атаған еді. Осыдан соң Ресей Түркияға бірқатар экономикалық шектеулер қойған. Ал маусым айының соңында Путин Түркиямен екі ел арасында сауда-экономикалық қатынас қайта қалпына келе бастағанын мәлімдегені белгілі.
Дайындағандар: Берік БЕЙСЕНҰЛЫ, Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ