Оңтүстік өңірлердегі шөлейттерде жасыл алқаптарды құрудың жаңа технологиясы сыналуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Даму бағдарламасы аумақтарды автономды режімде сумен қамтамасыз ете алатын құдықтарды бұрғылаудың қанатқақты жобасын іске қосты. Бұл туралы бүгін Астанада «жасыл» тәжірибелер мен технологияларды қолдану конференциясында БҰҰ ДБ-ның тұрақты даму жөніндегі жобалар портфелінің жетекшісі Расул Рахимов мәлім етті.
Бір шағын құдықтың айналысында 1 гектар жерді көгалдандандыруға мүмкіндік туындайды. Жалпы Қазақстан бойынша осындай үш құдық бар екен, олар «Алтынемел» Ұлттық саябағында және Қызылорда облысында орналасқан.
«Осы ретте жоба аясында құдық бұрғыланып, жел генераторы мен күн панелі орнатылады. Автономды режімде тұрғындар мен мал шаруашылығына су ресурстары қолжетімді болады. Нәтижесінде, шөлейтті жерде шағын жасыл алқаптар пайда бола бастайды. Бұл жоба арқылы біз біріншіден осы жұмысты зерттеп, жұмсалатын шығындарды көреміз, екіншіден, аталған жағдайда технологиялық мүмкіндіктерді байқаймыз», - Р. Рахимов.
Оның сөзіне қарағанда, бұндай жобалар елді мекендерден су тартуға желіні өткізу үшін мемлекеттік бюджет қаржысын үнемдеуге жол ашады. Бұл бағытта алғашқы жұмыстар іске асырылғандықтан, алдағы уақытта осы тектес жобалар арта түседі деген сенім бар. Құдықты орнату кезінде фермерлер үшін негізгі қиындықтар бұрғылау жұмыстары кезінде туындайды екен.
«Осы ретте негізгі шығындар болады. Алайда фермерлер кооперативке жиналып, үлкен құдықтарды жасай алады. Бізде күн панельдерін «Астана Солар» өндіреді, жел генераторы қондырғысын Қытайдан сатып алады. Бүгінде бұл жабдықтар қолжетімді», - деді ол.