Оңтүстік-Шығыс аймақтық көлік прокуратурасында Қоғамдық кеңес құрылды
АСТАНА. Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат - Оңтүстік-Шығыс аймақтық көлік прокуратурасында заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша және ҚР Бас прокурорының бұйрығын орындау мақсатында Қоғамдық кеңес құрылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Аталған кеңестің негізгі мақсаты - заңдылықты қамтамасыз ету жолында прокуратура органдарымен жүзеге асырылатын шаралардың тиімділігін арттыру, мемлекетіміздің құқықтық саясатты жүргізуіне ықпал жасау, қоғаммен байланысты нығайту, прокуратураның үкіметтік емес ұйымдармен және тұрғындармен өзара қарым-қатынасын дамыту мен және одан ары жетілдіру болып табылады.
Қоғамдық кеңес өзінің мәртебесі бойынша анықтамалық-кеңес органы болып табылады. Өз қызметін аймақтық көлік прокурорының 2009 жылғы қазанның 8-індегі бұйрығымен бекітілген ереженің негізінде жүзеге асырады.
Оның құрамына «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, ҚР прокуратура ардагерлері кеңесінің мүшесі, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері - «Транс-экспресс Қазақстан» журналының және «Құқықтық Қазақстан» газетінің бас редакторлары еніп отыр.