Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында жаңа амбулаториялық-емхана кешені ашылды
АСТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астананың Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында жаңа амбулаториялық-емхана кешені ашылды.
Емхананы Астана қалалық мәслихатының хатшысы Сансызбай Есілов аралап көріп: «Бүгінде көптеген адамдар өз денсаулығын бағалай бермейді. Қазақта «бірінші байлық денсаулық» деген сөз бекер айтылмаған. Сондықтан азаматтарымызға дер кезінде осындай емханаларға қаралып, ауруларын ушықтырмай, емдетіп отыру қажет. Астанада бүгінгі амбулаториялық-емхана кешенінің ашылуы мемлекетті халық денсаулығына бей-жай қарамайтындығын білдіреді», - деді.
Кешен Аманат көшесінде 1,3 гектар жерге орналасқан. Оған қалалық № 6 емхана көшірілді. Емхананың ересектер бөлімі ауысымда 350 келушіге, балалар бөлімі 150 келушіге есептелген. Нысанның жалпы құны 1,37 млрд. теңгені құрайды. Бас мердігері «ВЭН» ЖШС.
Емхана кешені заманауи жаңа жабдықтармен жасақталып, науқастарға маммографиялық қондырғы мен 6 кескінде компьютерлік томограф және функционалдық диагностика сияқты заманауи қызмет түрлерін ұсына алады. Олардың барлығы да медициналық техниканың жетілдірілген жаңа үлгілерінде жүргізіледі.
Емханада әлемнің жетекші өндірушілердің жабдықтарымен жабдықталған 3 шағын ота жасау бөлмесі бар.