Оңтүстік Суданда болған қақтығыс салдарынан 500-ге жуық адам қаза тапты
АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Оңтүстік Суданда бір-бірімен араздасқан әскер бөлімшелері арасындағы ұрыс салдарынан бес жүзге жуық адам опат тапты, деп хабарлайды РБК.
Оңтүстік Судандағы шиеленіс этностық нышан бойынша өршіп келеді және бұның салдары азаматтық соғысқа алып келуі мүмкін. Бұл туралы қазіргі кезде БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде төрағалық етіп отырған Францияның аталған ұйым жанындағы тұрақты өкілі Жерар Аро мәлім етті.
Мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс жасалғаннан соң елдің ең ықпалды он саяси қайраткері қамауға алынды. Бұл туралы БҰҰ ақпаратына сілтеме жасап Би-Би-Си хабарлайды.
Қазіргі сәтте 20 мың босқын БҰҰ қамқорлығындағы ел астанасы Джуба маңындағы аумаққа жасырынды.
С.Киирдің сөзіне қарағанда, оны бұрынғы вице-президент Риек Мачарға берілген солдаттардың күшімен тақтан түсірмек болған. Бәсекелесуші саясаткерлер елдің екі ірі тайпасына жатады: С.Киир - динкаға, ал Р.Мачар - нуераға. 2013 жылы жазда С.Киир Р.Мачарды және бүкіл министрлер кабинетін қызметінен босатқан болатын.
Оңтүстік Судан - әлемнің ең жас мемлекеттерінің бірі. Ол тәуелсіздігін 2011 жылғы шілде айында алды. Көршілес Суданмен жұлдызы қарсы десе болады. 2012 жылы екі мемлекет арасында әскери қақтығыс орын алды. Оны БҰҰ бейбіт жолмен шешті.