Оңтүстік Суданның Бенту қаласы жер бетінен жойылып кетті

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - БҰҰ Бас хатшысының адам құқықтары мәселелері жөніндегі көмекшісі Иван Симонович әлі күнге дейін жалғасып жатқан Оңтүстік Судандағы қақтығыстарға 2 тараптың да кінәсі бар деп санайды.

Оңтүстік Суданның Бенту қаласы жер бетінен жойылып кетті

ВВС-ге сұхбат берген ол Бор мен Бенту шаһарлары аруақтар қаласына айналғандығын баса айтқан. БҰҰ өкілінің сөзіне қарағанда, Бенту дымы қалмай тоналып, ғимарттары өрттен күлге айналып, тіпті қаланы жер бетінен жоғалып кетті десе де болады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 16 желтоқсан күні түнде Оңтүстік Суданның астанасы Джубада рулық топтардың бастамасымен тәртіпсіздіктер ұшқыны бұрқ етті. Ал одан кейінгі күндері елдің бірқатар өңірлерінде аталған топтар мен үкіметтік күштердің арасында қақтығыстар орын алды. Осылайша елде басталған жанжалдар салдарынан билік бірқатар аумақтан айырылды.

Кейбір мәліметтерге сәйкес, жанжал елдегі ең ірі нуэр мен динка тайпалары арасындағы қарсылықтан туындаған. Айта кетерлігі, мемлекеттің бұрынғы вице-президенті Риек Мачар - нуэр, ал ел президенті Салва Киир динка тайпасынан шыққан. Дегенмен, Судан билігі осындай дүрбелең арқылы мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет жасап отыр деген пайымды алға тартады.