Оңтүстік және Солтүстік Корея арасында келіссөздер басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Корея өкілдері шекараға іргелес орналасқан Пханмунджом елді мекеніне КХДР-мен жоғары деңгейде екі жақты келісім жүргізуге келді.

Оңтүстік және Солтүстік Корея арасында келіссөздер басталды

Би-би-си телерадиохабарларын тарату корпорациясы хабарлағандай, Пхеньянның бастамасымен өтетін келіссөз барысында ненің талқыға түсетіні белгісіз. Дегенмен сарапшылар екі жаққа бөлініп кеткен отбасылар мәселесін және Оңтүстік Корей туристерінің Солтүстік Кореяға қайта жіберілу жайын талқыламақ.

Пхеньян Сеулдің Вашингтонмен ақпан айында бірлесіп жасайтын әскери жаттығуларына қарсылық ретінде келіссөздерді болдырмауға сес көрсетіп отыр.

Өткен жылы болған әскери жаттығулар жартыаралдағы жағдайды біршама дүрбелеңге түсірді. Солтүстік Корея ядролық соққы беремін деп қоқан-лоққы жасап, Сеулмен арадағы шұғыл байланыс желісін үзген болатын.

Би-би-си атап көрсеткендей, соңғы бірнеше аптада Солтүстік Корея билігі ымыраға келу жөнінде бірнеше мәлімдеме жасады.