Оңтүстік жастары Астанаға орайластырылған флешмоб өткізді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің ұйымдастыруымен "I LOVE ASTANA" тақырыбында жастар флешмобы өткізілді, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін үлкен мереке. Азаттық аңсаған елдің арманы бұдан 25 жыл бұрын орындалды. Тәуелсіздік күні - ғасырлар бойы азаттық аңсаған халқымыздың өшкені жанып, ең асқақ арманы орындалған күн. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз 25 жылда толағай табыстарға жетті. Осы орайда жастар флешмобы аудан орталығында өтті.
Атаулы іс-шараның мақсаты жастар арасында тәуелсіздігімізді алғалы бері еліміздің жеткен жетістіктерін, бағындырған биік белестерін, толағай табыстарын насихаттау, жастарды патриоттыққа отансүйгіштікке баулу болып табылады.
Ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздіктің қадірін өскелең ұрпақ түсіне білулері шарт. Ауданда флэш-мобтан басқа да жастарды патриоттыққа тәрбиелейтін, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға баулитын игі іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, жастардың кәсіппен айналысулары үшін ауданда мүмкіндіктер қарастырылған. Жастар Тәуелсіз еліміздің болашағы болғандықтан келешекте туымызды құлатпай тік ұстайтын ұрпақ етіп тәрбиелеу бүгінгі қоғамның міндеті болып қала береді.