Оңтүстікқазақстандық 7 жасар балаға кешенді сараптама жүргізу қажет - Зағипа Балиева
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстікқазақстандық 7 жасар балаға кешенді әрі толыққанды сараптама жүргізу қажет. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Зағипа Балиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кешенді, толыққанды бір сараптама жүргізу қажет. Оны қазіргі уақытта заңнамалық құқығына сәйкес тергеуші тағайындады. Сараптама екі тараптың да өкілдерін, жоғары білікті мамандарды тарта отырып, кешенді, толыққанды болуы тиіс», - деді Зағипа Балиева БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Еліміздің бала құқықтары жөніндегі уәкілінің атап өтуінше, сараптама барынша шынайы және қайта тексерулерді қажетсінбейтіндей болуы, барлық тараптар оның шынайылығына сенімді болуы қажет.
«Тергеу сараптама нәтижелерін қоғамға жеткізетін болады деп ойлаймын», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, ОҚО-ның Абай ауылында бірінші сынып оқушысын ұрып-соғу және зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Осы жағдайдан кейін өңірдегі жауапты шенеуніктердің біразы қызметінен босатылып, кейбірі қатаң сөгіс алды.