Оңтүстікқазақстандық делегация Австрияда жұмыс сапарымен жүр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тамыз айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы делегациясының Австрия Республикасына іссапары басталды.
Жұмыс сапары шеңберінде Оңтүстік Қазақстан облысы делегациясының мүшелері аталған елдегі дәнекерлік электродтар шығаратын Voestalpine Böhler Welding зауытын, Ласницхёэ оңалту орталығын және Andritz AG су электр стансасын тамашалады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, оңтүстікқазақстандық делегация Штирия Федеральді жерінің ресми және іскерлік топтарының өкілдерімен кездесу өткізді.
ОҚО кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы М.Қарабаев пен «Ontustik Tourism Center» ақпараттық орталығы директорының міндетін атқарушы Ж.Төлебеков Австрия тарапына Оңтүстік Қазақстан облысының туристік мүмкіндіктерін таныстырса, Штирия кәсіпорын иелері және туризм бірлестігінің өкілдерімен өзара ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Айта кететін тағы бір жайт, оңтүстікқазақстандық делегацияның Австрияға сапары кезінде бүгін ондағы әлемге әйгілі веналық Ringenstrasser галереясында «Оңтүстік» көркемсурет көрмесі өз жұмысын бастады.