Оңтүстікқазақстандық жауынгердің сүйегі Ресейден елге әкелінді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстікқазақстандық  жауынгердің сүйегі елге әкелінді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлікпен қаза тапқан Сайрам ауданының тумасы Пірәлі Ахмамбековтің сүйегі Ресейдің Курск облысынан табылған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
None
None

Айта кетейік, қапыда қаза тапқан белгісіз батыр жайлы мәлімет Шымкенттік телеарналардың біріне келіп түскен еді. Мұнан соң, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен телеарна журналистері  шұғыл түрде  зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Ресей жерінен сүйегі табылған жауынгер Пірәлі Ахмамбековтың Сайрам ауданынан туыстары табылып, оларға хабар жеткізілді. Осыдан кейін, арнайы делегация Мәскеу қаласының Курск облысы, Поныри ауданына аттанды.  Онда батыр сүйегін табыстау қаралы  митингісі өтті. Шара барысында, сондай-ақ, Шардара ауданынан соғысқа аттанып, қапыда көз жұмған аға сержанттың медальоны  қазақстандық делегацияға салтанатты түрде табысталды. Курск облысынан оралған делегация жауынгердің сүйегін елге жеткізіп, қазақы жоралғымен жерге тапсырды.

«Даңқ» мемориалында өткен жауынгерді еске алу шарасы барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болатбек Төлеген: "Отан үшін от кешкен азаматқа қаншама жылдар мен ғасыр өтсе де, халық  тарапынан құрметтің көбеймесе, азаймайтынын көрсетсе керек. Сүйегі елге жеткізіліп отырған ағамыздың жаны жәннатта, топырағы торқа болсын. Аталмыш іс-шарада атсалысып, белсенділік танытып жүрген облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш ағамызға облыс әкімдігі атынан алғысымызды білдіреміз. Осындай іс-шаралар арқылы жастарымызды елдің жанашыры, патриоты ретінде тәрбиелейміз деген сенімдеміз", - деді.

Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен  Пірәлі Ахмамбековтың жақын туысы соғыс даласында Отан үшін от кешкен батырдың ерлігі жайлы пікірлерін жеткізді.

Еске салайық, Ресейдің «Мемориал» іздеу базасында келтірілген дерекке сүйенсек, мәйіті табылған Пірәлі Ахмамбек 1917 жылы Сайрам ауданында туған. Ал, оның қазақ сарбазы екені марқұмның анасы мойнына тағып жіберген медаль арқылы анықталды.

Соңғы жаңалықтар