Оңтүстікке берілетін сұйытылған мұнай газының көлемі артуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстікке берілетін сұйытылған мұнай газының көлемі артуда. Бұл туралы бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының газбен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нұралхан Шарипов мәлім етті.
Спикердің хабарлауынша, Заң аясында министрлікке облысқа қажетті сұйытылған көгілдір отын газ таратушы ұйымдарының сұраныстары негізінде әр айда өтінім беріліп, ол комиссия отырысы тәртібімен көлемдері айқындалып бөлінеді. «Осындай тәртіппен маусым айында облысқа 6300 тонна көлемінде газ берілсе, ол өткен аймен салыстырғанда 500 тоннаға артық. Ал шілде айына 6500 тн-ға көтеріліп отыр. Дегенмен, бүгінгі таңда орын алып отырған қажеттілікті ескеріп, облыс әкімдігі тарапынан шұғыл шаралар қабылданып қосымша 2 мың тн. сұйытылған мұнай газына өттінім беріліп, оның 500 тоннасы қолдау тауып отыр»,-деді жауапты сала басшысы. Брифингте белгілі болғандай өңірде 1,3 млн. халық сұйытылған мұнай газын пайдаланып отыр, яғни басқарма тарапынан жасалған болжамды есеп бойынша тұрғындардың қажеттілігі айына 6 100 тоннаны құрайды. Бұдан бөлек, облыста автокөліктердің үнемді, экологиялық таза отынға өтуі өте қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Олардың ішінде ресми тіркелген сығымдалған газбен жүретін 13 888 автокөлік бар. Сонымен қоса газ отынына ауыстырылып техникалық төлқұжатын заңды рәсімдемеген көліктер қатары көп. Осындай жағдайға байланысты, аймақтағы бекеттерде газ тапшылығы туындап отыр. Баспасөз мәслихатын қорытындылаған спикер алдағы айда министрлікте өтетін мәжіліске жоғарыда атап өткен мәліметтердің барлығын заңды құжаттармен рәсімдеп, облыстың сұйытылған мұнай газына қажеттілігін қанағаттандыру үшін газ көлемін тиісті деңгейге көтеруді жоспарлап отырғандығын жеткізді, деп хабарлайдыОҚО әкімінің баспасөз қызметі.