Оңтүстіккореялық үш азамат КХДР-мен ынтымақтастығы үшін қамауға алынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяда үш азамат есірткіні тасымалдау, сондай-ақ КХДР-ның арнайы қызметтерімен ынтымақтастық орнатқаны үшін қамауға алынды, деп хабарлайды «Йонхап» агенттігінен.
Сеул прокуратурасының мәліметтерінше, Бэнг есімді 69 жастағы ер адам мен оның екі сыбайласы сонау 1996 жылы Қытайда жүрген КХДР арнайы қызметкерлерімен кездесіп, олармен есірткі бизнесін бірлесіп жүргізу туралы келіскен. Бэнг және оның сыбайластары жабдықтар мен шикізатты жеткізуді, ал солтүстіктегілер метамфетамин өндіретін орын дайындауға уәде еткен.
2000 жылы Бэнг пен оның сыбайластары солтүстіккореялықтардан 35 келі метамфетамин алды.
Прокуратурадан хабарланғандай, тергеу тобы қамауға алынғандардың қандай іспен айналысып жүргендерін бұрыннан білген, бірақ олардың қылмысын солтүстіккореялық арнайы қызметкерлердің бірінің Оңтүстік Кореяға қашуынан кейін ғана дәлелдеу мүмкін болды.
Осылайша, прокуратураның нұсқасы бойынша, Бэнгтің сыбайласы - 63 жастағы Ким солтүстіккореялық агенттермен ынтымақтасып, КХДР-нан қашқан жоғары өкілетті Хван Чжан Епқа шабуыл ұйымдастырмақ болды, алайда 2010 жылы Хван жүрек талмасынан көз жұмған.