Оңтүстікте 2016 жылы 765 егіз нәресте дүниеге келді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын демографиялық потенциал артып, ана мен бала өлімі азайып келеді.
Мәселен, 2016 жылы өңірде жалпы 79 195 нәресте дүние есігін ашты, оның 765-сі егіз болса, 5-еуі - үшем, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еліміздегі әрбір бесінші бала Оңтүстік Қазақстанда өмірге келсе, соның ішінде бала туудың ең жоғары көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы алда тұр. Өткен жылы қалада 36 191 бала дүниеге келген. Ал, облыс аудандарының арасында бала туу саны жағынан Түркістан қаласы алдыңғы орынды иеленіп отыр, онда өткен жылы 8742 сәби дүниеге келді. Одан кейінгі орында Мақтарал ауданы тұр - 7880 шақалақ. Ал, Сарыағаш ауданында 7425 нәресте дүниеге келген.
Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды арттыру есебінен жаңа медициналық мекемелер салынды. Материалдық-техникалық жабдықтау жақсарды. Заманауи құрал-жабдықтар мен қондырғылар облыс орталығында ғана емес, аудандар мен қалаларда орнатылды. Осының нәтижесінде, өңірде ана мен бала өлімі азайып, туу көрсеткіші артып келеді.
2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 79 125 сәби дүниеге келді.