Оңтүстікте Алғыс айту күнінде жаңадан босанған аналарға құрмет көрсетілді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында Алғыс айту күні кең көлемде аталып өтті. Мерекелік шаралар аясына Созақ ауданында жаңадан босанған аналарға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан орталығы Шолаққорғанда аурухана ұжымы еліміздің демографиялық дамуына үлес қосқаны үшін жас аналарды құттықтады. Оларға ақ орамал мен гүл сыйлап, нәрестелерінің алғашқы құжатын салтанатты түрде табыс етті. Аудандық Әжелер кеңесі жас аналарға батасын беріп, отбасылық құндылықтар жайлы тағылымды әңгіме айтты.
Айта кетейік, аталған перзентханада өткен жылы 1493 сәби дүниеге келсе, биылғы екі айда 153 сәби өмір есігін ашты. Білікті мамандардың арқасында екі жыл қатарынан ана мен бала өлімі тіркелмеген.