Оңтүстікте «Өлкетану» күні аталып өтті
Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен шым шаһардағы №45 мектеп-гимназиясында өткен мерекелік жиынға облыстағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар және жастар қатысып, туған жердің тарихы жайлы әңгіме қозғады.
«Қиын-қыстау заманда өмір сүрсе де, күштеп қоныс аударылған түрлі этностарды бауырына басып, бір үзім нанымен бөліскен қазақ халқына деген алғысымыз шексіз. Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол Тәуелсіз Қазақстан! Тарихымыз, бүгінгі жетістігіміз, болашаққа деген ортақ жауапкершілігіміз қоғамды біртұтастыққа бастайды. Мұны бүгінгі жас ұрпақ терең ұғынуы тиіс», - деді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак.
Бұл күні, сондай-ақ, облыстық «Жастар ресурстық орталығында» да туған ауылына көмек берген жанашыр жандардың жастармен еркін форматта кездесуі өтті.
«Туған жер» бағдарламасы аясында мұнан бөлек облыстың барлық қала-аудандарындағы орта мектептерінде ашық сабақтар мен кездесулер өткізілді. Онда туған өлкедегі киелі және тарихи орындарды жұртшылық санасында қайта жаңғырту мақсатында көнекөз қариялар мен ақсақалдар шақыртылып, оқушылармен сұхбаттар өрбіді. Айта кетеу керек, облыста жоспарланған онкүндік іс-шара ертең 27 ақпан - «Келісім күні» ретінде аталып өтеді.