Оңтүстікте су тасқыны қаупі бар - В.Божко
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында ауа райының күрт жылынуына орай су тасқыны қаупі бар. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәлім етті.
«Оңтүстік Қазақстан облысының дайындығы жоғары. Дегенмен, 13-14 наурыз күндері Шымкентте 20 градус жылы болатындығын ескеріп мен осы облыстағы төтенше жағдайлар департаментіне Қаратау тауына тақау аудандарға және басқа да таулы аудандарға ерекше назар аударуға нұсқау бердім», - деді ол.
Министрдің атап өтуінше, жалпы, бұл облыстың су тасқынына қарсы енгізген тәжірибесі оң. Өңірде оқу-жатығу кезінде ғана емес, ай сайын бюджеттен қаржы бөлу арқылы қауіпті аумақтардың инженерлік жабдықталуын жүргізіп отырады. «Әкімдік осы қажеттіліктерге барлығы 1,2 млрд. теңге қаржы бөлді», - деді В.Божко.