Оңтүстікте жері сорланған мақта алқаптарының орнына бақшалар егіле бастады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жері сорланған мақта алқаптарының орнына бақшалар егіліп жатыр. 

Оңтүстікте жері сорланған мақта алқаптарының орнына бақшалар егіле бастады


Мақтаарал ауданында биыл техникалық дақыл - мақта алқабының қатары 3 мың гектарға азайып, орнына картоп, көкөніс және бақша дақылдары мен жеміс-жидек егу қолға алынуда. Бұл туралы бүгін аудан әкімі Ғалымжан Исмаилов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Журналистермен өткен брифингте аудан басшысы Мақтарал ауданында  138 мың гектар суармалы жер бар екенін айта келе, оның  4,5 мың гектарына бақша өсімдіктері,  34 мың гектарына көкөніс пен картоп, 13 мың гектарына  бұршақты және  мал азықтық дақылдары егілгеніне тоқталды. Ал, қарқынды баулар көлемін 70 гектарға ұлғайту жоспарланып қойған.


«Интенсивті баулар - 940 гектар. Оның барлығы Европадан әкелінген. Соны биыл 105 гектарға көбейту жоспарланған. Одан кейін жылыжайды көбейтуіміз керек. Былтыр мақта бізде 83 мың гектарға егілген. Биыл - 80 мың гектар».- деді аудан әкімі.

Сонымен бірге, аудан басшысы 2016 жылы Мақтааралда ауыл шаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнімнің көлемі  64 млрд. 489,7 млн. теңгені құрағанын атап өтті. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 4,8 млрд теңгеге артқанын көрсетеді. Өндірілген өнім көлемін 2021 жылға дейін 90,4 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ретте  Ғалым Исмаилов егіс құрылымын әртараптандыру арқылы ауыспалы егісті енгізу нәтижесінде мол өнім алу көзделіп отырғанын хабарлады. 


«Ауданда мақта дақылы негізгі дақыл болып саналатыны бәрімізге белгілі. Сондықтан мақта дақылынан мол өнімге қол жеткізу үшін біріншіден тұқымдық шитке көңіл бөлуіміз қажет. Былтырғы жылы ауданда тұқымдық шит жетіспеушілігі орын алды. Осы жағдайдың алдын алу үшін ауданда арнайы жұмысшы топ құрылып, нәтижесінде биыл ауданда 2985 тонна шит дайындалады деп жоспарланды. Оның ішінде оригинал - 2 тн, элита - 45 тн, R-1 - 385 тн, R-2  - 100, техникалық шит - 2453.  Бүгінгі таңда ауданымызда 2502 тонна шит дайын. Одан бөлек ауданның кәсіпкерлері тарапынан Қытай, Түркия мелекеттерінен қосымша тұқымдық шит алып келу үшін жұмыстар жүргізілуде. Бұл шиттің көлемі биылғы жылы егілетін алқапқа толық жеткілікті болады деп жоспарлап отырмыз», - деді аудан әкімі.


Баспасөз жиынында, Ғалым Ыбырайұлы тұқым мәселесін түпкілікті шешу үшін жер көлемі ауқымды шаруашылық басшыларымен жұмыстар жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Спикер, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алудың негізгі кепілдерінің бірі егістік алқаптарды дер кезінде және қажетті мөлшерде ағын сумен қаматамасыз ету екенін атап өтіп, бүгінгі таңда ауданда ұзындығы 2,7 мың шақырым болатын 1316 су арнасы барын жеткізіп, суару жұмыстарын ойдағыбдай жүргізу жоспарланып отырғанын ескертті.  Сондай-ақ, Мақтааралдың әкімі ауыл шаруашылығы техникаларының қатары жыл сайын жаңаланып отыратынын мәлімдеп, биыл 182 дана жаңа техниканы алу болжанып отырғанын жеткізді.