Оңтүстікте жоғалған үш балықшы Бетпақдаладан табылды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жоғалған үш балықшы Қарағанды облысынан табылды. Төрт тәулік бойы із-түзсіз кеткен тұрғындар Бетпақдаладан бір-ақ шыққан. Құтқарушылар оларды Қыземшек ауылынан 200 шақырым жерден тауып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше 1 сәуір күні жоғалған балықшыларды іздеуге құтқарушылармен бірге ішкі істер, әкімдік қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылған. 20 адамнан құралған із кесушілер бірнеше топқа бөлініп, 7 техникамен өзенді, жазық даланы қарап шыққан.
«Балықшыларды 5 сәуір күні таңғы сағат 9-дан бастап іздестірдік. Құтқарушылар олардың көліктерінің ізімен жүріп отырып, іздестіру шараларын жүргізді. Ал, кешкі 18:30-да М.Засолин, Д.Скирук, А.Ничаев Қарағанды облысы аумағынан табылды. Бетпақдалаға бет алған үшеудің көліктерінде жанар-жағар майы таусылып, байланыс құралдары өшіп қалыпты. Сөйтіп ешкімге хабарласа алмай қалған. Табылған жері өздері тұратын Қыземшек кентінен 200 шақырымдай жер. Жағдайлары қалыпты»,- дейді облыстық ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы Зарипа Тұрысбекова.
Енді не себепті Бетпақдалаға аттанып хабарласпай кеткенін балықшылар жергілікті ішкі істер қызметкерлеріне түсіндіруде. Еске салайық, төрт күн бойы із-түзсіз жоғалып кеткен балықшылар кешеден бастап іздестірілген болатын. Құтқарушылар оларды Созақ ауданы аумағынан өтетін Шу өзені бойынан іздестірген еді.