Оңтүстіктегі этнос өкілдерінің 70 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгерген
Оның айтуынша, облыста 106 этнос өкілдері тұрады. Сол этнос өкілдерінің басым бөлігіне өз ана тілінде білім алуына мәдениеті мен салт-дәстүрін ұстануға толық жағдай жасалған.
«Оңтүстік Қазақстан облысы - ұлттар мен ұлыстардың ең көп шоғырлануымен, ең бастысы олардың тілі, мәдениеті, салт-дәстүрінің сақталуымен ерекшеленеді. Бүгінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдерінің ересек тұрғындарының үлесі 70 пайызды құрайды. Ал өңірде жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген тұрғындардың үлесі - 92,1% болса, 63 % орыс тілін, ал, ағылшын тілін білетіндер - 14 %-ға жетіп отыр», - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында спикер облыста 20 этномәдени бірлестіктердің жанында он бір жексенбілік мектеп жұмыс жасайтынын атап өтті. Яғни, ол мектептердегі он бес топта 1065 этнос өкілі өз ана тілдерін оқып-үйренуде екен.
Жалпы облыстағы барлық аудан, қалаларда мемлекеттік тілді және орыс, ағылшын тілдерін тегін оқытатын 14 орталық жұмыс істейді. Оларда осы жылдың жеті айында 7 209 азамат білім алған.