Оңтүстіктің кеденшілері 42,5 келіге жуық героин тәркіледі

АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеден одағының оңтүстік шекарасында наркотрафиктің жолын кесуді күшейту шаралары нәтижесінде аса үлкен көлемдегі есірткі заттары тәркіленді.

Оңтүстіктің кеденшілері 42,5 келіге жуық героин тәркіледі

Атап айтқанда, 2012 жылдың 22 желтоқсанында таңертеңгі сағат 8 шамасында «Қордай» кедені қызметкерлері  кедендік тексеру барысында 42479,0 грамм героин, 1983,0 грамм гашиш  есірткі заттарын тәркілеп алды. Бұл туралы Кедендік бақылау комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Қырғызстан Қазақстанға келе жатқан Қырғызстан азаматының «Форд-Фокус» маркалы автокөлік құралы «Қордай» кеденінің бас маманы Е. Байниязовпен тексеру алаңына жіберілген болатын. Кеденшілердің «Сэра» атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен мұқият тексеру барысында автокөліктің артқы бамперінен скочпен оралған брикет табылды. Одан кейін көлік инспекциялық-тексеру кешеніне жөнелтілді.

Тоқтала кететін жайт, осынау заманауи сканерлеуші қондырғы көмегімен автокөлік құралының жеті жеріндегі түрлі агрегаттарының астынан бөгде заттар табылды. ҚР ҰҚК шекара қызметінің әскери қызметкерлері мен Жамбыл облысы прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен автокөлік құралын жіті тексеру кезінде  ерекше иісі бар, кесек түріндегі 43 брикет заты табылды. Құпия сақталған жерлерден табылған брикеттердің жалпы саны 44 дананы құрады. 2012 жылғы 22 желтоқсанда жасалған сот-химиялық сараптаманың қорытындысы бойынша, тәркіленген заттар 42479,0 грамм салмақтағы героин, 1983,0 грамм салмақтағы гашиш есірткі заттары екендігі анықталды.

Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 250-бабының 4-бөлігінде және 259-бабының 3-тармағы «В» тармақшаларында айқындалған қылмыстық белгілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Кеден органдарының қызметіндегі бұл жайт алғаш рет орын алып отырған жоқ. Масылға, ағымдағы жылдың 4 қарашасында «Қордай» кедені «Қарасу» кеден бекетінің қызметкерлерімен жалпы салмағы 181 келі 404 грамм 400 милиграмм апиын есірткі заты тәркіленген. Ол да инспекциялық -тексеру кешені көмегімен тексеру кезінде анықталған болатын.