Оңтүстіктің жастарын бір күнге ауылға алып барды
Қонақжайлылық әдетінен танбаған отырарлықтар жастарды ауданға кіре берістегі қақпа алдынан қарсы алып, құрмет көрсетті.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған жобаға қатысушыларды аудан әкімі Ерлан Айтаханов күтіп алды. Жастар бірден аудан орталығындағы Әбу Насыр әл-Фараби атындағы руханият музейіне барып, ежелгі Отырардың тарихын танып білді. Музейді аралап шыққан соң одан әрі көне Отырар тарихынан сыр шертетін Отырар төбеге келіп тоқтады. Мұнда жастар ежелгі Отырар қаласының мәдениеті мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жайында танып біліп, рухани құндылықтарымыз туралы кеңінен мағлұмат алды. Кейіннен Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасаған жастар, облыс көлемінде алғаш ашылған Қарақоңыр ауылдық округіндегі «Алаш» этноауылына ат басын бұрды. Онда жастар кеңпейіл ауыл жұртының мейірімге толы жүздері мен ыстық ықыласына бөленіп, дархан дала аясында арқаны кеңге салды. Ауылдың бір сәттік өмірін көз алдарында елестеткендей болды. Жастар мұнда отырарлық қолөнер шеберлерінің туындыларымен танысып, атқа мінді, алтыбақан тепті. Күн бата алты қанатты киіз үйде ақ дастархан жайылып, қонақтарға ас берілді. Жастарды әрдайым қолдауға дайын екенін айтқан аудан әкімі Ерлан Айтаханов жобаның маңыздылығына тоқталды.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әжептеуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - сол ұлттық кодыңды сақтай білу», - деген болатын. Ұлттық код дегеніміз не? Қазақы қалып, ұлттық мәдениет, салт-дәстүр және ұлттық болмыс. Ұлттық дәстүрдің де озығын алып, тозығын қалдыру. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды. Адаспау үшін қазаққа қажетті табиғи болмысты сақтай білу керек. Өркениет көшінен де қалуға болмайды. Көшке ілесе отырып, қанымызда бар қасиеттерді қайта түлетуіміз керек»,- деді Ерлан Айтаханов.
Кешкісін жастықтың жалыны қайнаған жастар табиғат аясында алау жағып, әндетіп, думандатып, ауыл кешінің көркін қыздырды.