Оңтүстік Америка футболында қанды қақтығыс болды
АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Америка кубогі аясындағы Аргентинаның «Индепендьенте» мен Чилидің «Универсидад» клубтары арасындағы матч жанкүйерлер арасындағы даудан кейін есепке алынбайтын болды, деп хабарлайды The Sun.
Командалар Буэнос-Айрестегі «Либертадорес де Америка» стадионында ойнап, 1:1 есебімен тең түсті. Төбелес екінші таймның басында Универсидад жанкүйерлері алаң иелерінің жанкүйерлеріне заттарды лақтыра бастаған кезде басталды. Бақылауды жоғалтқан полиция қызметкерлері тіпті жарылғыш заттарды қолдануға мәжбүр болды. Тәртіпсіздік салдарынан 3 адамның қаза тапқаны, 10 көрерменнің ауыр жарақат алғаны және чилилік 90 жанкүйердің қамауға алынғаны хабарланды.
Басылымның хабарлауынша, қанды төбелестен кейін матч толығымен тоқтатылды. CONMEBOL мен «Индепендьенте» мұны ресми түрде растады. Оңтүстік Америка футбол конфедерациясы да тәртіптік шаралар қолданылуы мүмкін екенін айтты.
Жағдайға Чили президенті Габриэль Борич те араласты. Ол оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.
— Авелланеда қаласындағы «Индепендьенте» мен «Универсидад» жанкүйерлері арасында болған оқиға көп жағынан мүлдем дұрыс емес. Жанкүйерлер арасындағы зорлық-зомбылық пен ұйымдастырушылардың салғырттығын ақтауға болмайды. Әділет үшін бұл жағдайға кінәлілерді анықтау керек. Біздің қазіргі басымдық — шабуылға ұшыраған азаматтарымыздың жағдайын анықтау, оларға шұғыл медициналық көмек көрсету және тұтқындалғандардың құқығын қорғау, — деді Чили басшысы.
Президент сондай-ақ өз азаматтарының жағдайын білуге уәде берді.
— Мен Аргентинадағы елшіміз Хосе Антонио Виэра-Галлоға тапсырма бердім. «Универсидад» жанкүйерлері тұтқындалған полиция бөлімі мен жараланғандар емделіп жатқан ауруханаға барады. Біз азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатырмыз, — деді ол.
Еске сала кетейік, бразилиялық қақпашы ойын саны бойынша рекорд орнатқаны жайлы жазған едік.